Астанада Қырғызстанның мәдениет күндері аясында «Бастау» көрмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты - қазақ-қырғыз арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және халықымызды қырғыз халқының мәдениетімен жақынырақ таныстыру.
Бүгінгі көрмені Қырғызстанның мәдениет күндері аясында Астанада өткізіп жатырмыз. Ұлттық музейде көрмеміздің өтуі қатты қуантады. Меніңше, бұл жер Орталық Азиядағы ең үлкен көрме деп білемін. Жалпы, бұл жерді өнерге арналған дер едім. Бұлай неге айтып отыр десеңіздер, бәрімізге мәлім, мәдениет жоқ халық ел бола алмайды. Бүгін екі елдің өкілдері мәдениетімізді, өнерімізді паш етуге қаражат пен күш жұмсап отыр, - деді Қырғыз суретшілер одағының вице-президенті
Талабек Усубаев.
Көрмеге 20 суретшінің 50-ден астам туындысы қойылған. Айрықша бейнеленген суреттер көбіне пейзаж, натюрморт және реализм жанрларында салынған.
Біз қазақ пен қырғыз туыс халықпыз. Біздің өнеріміз, мәдениетіміз сәйкес келеді. Айтайын дегенім, қазақ пен қырғыздың бірлігі мен ынтымақтығы осындай құндылықтар арқылы мәңгілік сақталса деймін, - деді Қазақстандағы қырғыз мектебінің жетекшісі Дүйсенбек Сәрсенов.
Сонымен қатар «Бастау» көрмесінен Әлия Молдағұлованың рөлін сомдаған қырғыз актрисасы Айтұрған Темірованың портретін көруге болады.
Еске сала кетейік, елімізде Қырғызстанның мәдениет күндері 26-29 қазан аралығында өтеді.