АҚШ-тан келген медиа сарапшы, журналист Маргерит Хокси Салливан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың баспасөз хатшылары үшін тренингтер мен уоркшоптар өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баспасөз хатшыларының кәсібилігін жетілдіру мақсатында өтіп жатқан семинар-тренинг 5 сәуірге дейін жалғасады.
Уоркшоптар баспасөз хатшыларының қоғаммен сауатты қарым-қатынас орнатуы, мемлекеттік мекемелердің коммуникация қызметінің стратегиясын ұйымдастыру, кризистік жағдайларда жұмыс істеу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың имиджін қалыптастырудың заманауи техникаларын меңгеру сынды бағыттарды қамтиды.
Баспасөз хатшысы аудиториясының кім екенін нақты білу керек. “Айтылған аргументтерге кім қарсы болады, кім қолдайды?”, “Ұсыныстарға кім келіседі?” деген сұрақтарға алдын-ала жауап іздегені жөн. Өйткені аудиторияның ұсынысқа қарсы аргумент айтуы мүмкін, осындай жағдайда коммуникация саласының маманы өз ой-пікірін дәлелдей алуы қажет. Сондай-ақ, ең бастысы, сенім мен адалдықты жоғалтпау керек,- деді спикер.
Маргерит Хокси Салливан Смитсон институтында дәріс оқыған және Харвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің саясат институтында ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген. АҚШ-тың гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ұлттық кеңесінде және ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамыту бағдарламасының гранттар басқармасында қызмет атқарған.