Елордада балаларға арналған театр апталығы өтеді

21 Наурыз 2022, 10:49
3603
Бөлісу:
Елордада балаларға арналған театр апталығы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балалар жылында «Астана Опера» музыкатанушыларының шығармашылық тобы жаңа қызықты жоба  – «Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» фестивалін қолға алды, 5-15 жастағы балаларға лайықталған бұл жоба мектеп демалысы күндері өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Бағдарлама 23-28 наурыз аралығында жалғасып, онда әр жас театрсүйер өзіне лайықты концерт немесе музыкалық ертегі таба алады. Сонымен, Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың афишасынан 23 наурыздағы «Музыка әлемі» концерті ойып орын алса, келесі күні балалардың назарына Сергей Прокофьевтің «Петя мен Қасқыр» симфониялық ертегісі ұсынылады, 25 наурызда оркестр әртістері Камиль Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фантазиясын орындайды.  Одан әрі екі күн бойы – 27 және 28 наурызда өнерді қадірлейтін балғындарға Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі ұсынылады.  

«Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» фестивалінің салтанатты ашылуы 23 наурызда өтеді, онда жүргізушілердің рөлінде балалардың өздері болып, олар тәжірибелі әртістер – «Астана Опера» театрының жұлдыздарымен бір сахнада алғашқы кәсіби қадамдарын жасамақ. Фестиваль бағдарламасына енген концерттер мен спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Біздің «балалар апталығымызға» келгісі келетіндер өте көп, театрға балаларын алып келетін ата-аналарға музыкаға деген махаббатты балалық шақтан бастап сіңіру керектігін түсінгендері үшін ризамыз. Фестиваль бағдарламасына балалар театр жұмысын бастаған сәттен-ақ қатты ұнатқан керемет концерттер мен спектакльдер енді. 

Біздің фестиваль танымал композитор Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісінің көрсетілімімен жабылады.  Бұл көктем, Наурыз, жақсылық пен күн, бақыт пен бала күлкісі жайлы хикая. «Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» фестивалі жыл сайын өткізіледі деген үміттеміз әрі оның бағдарламасын жаңа концерттермен байытуға дайынбыз, – деді Әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры, музыкатанушы, Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.          

Елордада балаларға арналған театр апталығы өтеді

Фестиваль афишасында көрсетілген концерттер калейдоскопына Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың репертуарындағы музыкалық бағдарламалардың барлығы дерлік енбеген.  Бізде ағартушылық сипатта шамамен 20 концерт бар, солардың аясында балаларды аспаптардың түрлі топтарымен, опера дауыстарының түрлерімен  таныстырамыз. Әдеттегідей, балаларға арналған барлық іс-шаралар жексенбі сайын өтеді, – деп қорытындылады  Маржан Жәкенова.

Мемлекет басшысы балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі екенін тілге тиек етіп, оларға зор көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. 

Елордада балаларға арналған театр апталығы өтеді

«Астана Операның» музыкатанушылары жыл сайын біліктіліктерін арттырып, шетелдік әріптестерінің тәжірибесінен үлгі алады әрі балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған бағдарламаны үнемі жетілдіріп отырады. Театр оқушыларды классикалық музыкаға баулу қажеттігіне баса мән береді. 

Себебі балаларға арналған концерттер мен спектакльдердің өскелең ұрпақтың адамгершілігін, көркемдік талғамын, ой-өрісін қалыптастыруда, сондай-ақ жеткіншектердің музыкалық өнердің сан түрлі ғажап әлемін терең ұғынуында пайдасы зор. Қазірдің өзінде шығармашылық топ еңбегінің үлкен нәтижелерін байқауға болады, олар «Астана Операға» театрмен бірге өсіп әрі дамып келе жатқан мыңдаған жас көрерменді тарта білді.   

Өзгелердің жаңалығы