Елордада балаларға арналған ең алғашқы экологиялық театр ашылды

19 Мамыр 2021, 12:52
2337
Бөлісу:
Елордада балаларға арналған ең алғашқы экологиялық театр ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 19 мамырда елордада ең алғашқы «EcoQolday» экологиялық театры салтанатты түрде ашылды. 

Шымылдығын түрген мәдениет ошағының ашылуына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының өкілдері, ӨКМ Операторы, елорданың білім беру мекемелері, эко-белсенділер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Теңдесі жоқ эко-театр өз көрермендеріне тұрмыстық қалдықты бөліп тастау тақырыбында қойылымдар мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты интерактивті түрде шеберлік сабақтарын көрсетеді. Театр ұжымы алғашқы маусымдағы премьерасын «Гринейктер хикаясы» атты эко-ертегінің желісіне құрылған спектакльмен ашты. Шығармашылық ұжым балаларға экологиялық мәдениетті өнер арқылы жеткізуді мақсат етіп қояды. Спектакльге мектеп жасындағы актерлер мен орыс драма театрының екі кәсіби қоюшы-режиссерлері қатысады. Мамыр айында эко-театр көрермендерге экологиялық ертегінің негізінде тағы екі спектакль ұсынуды жоспарлап отыр. Спектакльді көруге немесе актерлік шеберлік курстарына қатысуға билет сатып алудың жолы оңай. Ол үшін қайталама шикізатты (макулатура, пластик және шыны) қайта өңдеуге тапсыру керек. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында театр қабырғасында «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Сыныпта ҚТҚ-ны бөлек жинау бойынша сабақтар өткізіледі және ескі тұрмыстық электр техникасын бөлшектеп, оны қайта өңдеуге жібереді.

Эко-театр базасында ойын аймағы ұйымдастырылды. Мұнда балаларға экологиялық мәдениет негіздері, қайта өңделетін қалдықтарды үйде сұрыптау, сондай-ақ қоршаған орта үшін бөлек жинаудың артықшылықтарын үйретеді. Мұның барлығы оқушыларға қызықты әрі ұғынықты болу үшін ойын түрінде өткізіледі.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Нұр-Сұлтан қаласы мектеп оқушыларының инновациялық экологиялық жобалары ұсынылды.

Қазақстанда алғаш рет ұсынылған «EcoQolday» жобасы ӨКМ Операторының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Жас Ұлан» РҚБ, «Адал Ниет» қоры мен «Clean City NC» компаниясының қолдауымен іске асырылуда.

Айта кету керек, ӨКМ Операторы экологиялық білім деңгейін арттыруға ден қойып отыр. Бұл жұмыста компания халықаралық және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. ӨКМ Операторының қолдауымен «Менің эко-мектебім» білім беру жобасы, «Қайырымдылық қобдишасы» жобасы іске қосылды. «Утиль от А до Я» жобасы аясында қайта өңдеу кәсіпорындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. «ЭкоАсар – игі істер марафоны» акциясы шеңберінде елорда оқушылары 2,5 млн теңгеден астам сомаға 92 тоннадан астам қайталама шикізат жинады. Барлық жиналған қаражат қайырымдылық пен мектеп аумақтарын көгалдандыруға бағытталды.

Өзгелердің жаңалығы