Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ірі ұрлық жасады деген күдікпен 22 жастағы қызды ұстады.
Анықталғанындай, күдікті қыз 2021 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі жұмыс кезеңінде бала күтуші болып жұмыс істеп келген. Осы аралықта күтуші өз жұмыс берушісінің 1 млн. теңге ақшалай қаражатымен, зергерлік бұйымдарын, гаджет және өзге де заттарын қолды еткен.
Өтініш берушінің айтуынша, ол күтушіні жұмыспен қамту агенттігі арқылы тапқан. Қыз екі баланы күтіп қарап, сенімге кіріп, отбасын жүйелі түрде ұрлай бастаған. Алдымен ақша жоғала бастаған, мұны жәбірленуші байқамаған. Алайда бала күтушісі алтын бұйымдарды, киім мен гаджет сынды құнды дүниелерді ұрлай бастағанда ғана үйдің иесі заттарының жоғалғанын байқап полицияға жүгінген,- делінген ПД хабарламасында.
Бала күтуші тұрған бөлмені тексеру барысында полицейлер барлық ұрланған заттарды тауып алып, тәркіледі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады, елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.