Елордада аз қамтылған отбасындағы 17 мыңға жуық оқушыға көмек беріледі

12 Тамыз 2022, 18:01
1359
Бөлісу:
Елордада аз қамтылған отбасындағы 17 мыңға жуық оқушыға көмек беріледі

Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 700-ден астам балаға материалдық көмек беріледі. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Жалпыға міндетті білім беру аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін 670 млн теңге бөлеміз. Бағдарлама бойынша мектепке қажет киім, аяқ киім, кеңсе тауарларын сатып алу мәселесі қарастырылып отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 700-ден астам балаға осындай материалдық көмек беріледі. Өткен жылдармен салыстырар болсақ, материалдық көмек көрсетілген балалар саны артты. Мәселен, 2020 жылы – 13 245 бала, ал 2021 жылы – 14 620 оқушы.

Әр балаға 40 мың теңгеден бөлеміз. Мысалға, отбасында 4 бала болса, 160 мың теңге беріледі. Осыған дейін әр балаға арналған материалдық көмек көлемін 40 мың теңгеге дейін арттырдық. Материалдық көмек өтініш берушінің банк картасына (немесе арнайы шотқа) аударылады. Осылайша өтініш берген ата-ана кез-келген дүкенге барып, қажет киім мен оқу құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте бөлінген қаражат баланың қажет заттарына ғана жұмсалғанын құжат арқылы (түбіртектер, төлем туралы чектер) растау қажет, – деп жазды А.Көлгінов.

Материалдық көмек алу үшін балаңыз оқитын мектепке жүгінуіңіз керек. Қазіргі уақытта оқу орындарының әкімшілігі тізім жасап жатыр.

Материалдық көмек мына санаттағы оқушыларға көрсетіледі:

- АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;

- АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардан шыққан балалар (37 389);

- отбасында тұратын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- ТЖ салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар;

- басқа санаттар (өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар).

Өзгелердің жаңалығы