Елордада «Әскери керней» фестивалі басталды

23 Маусым 2022, 13:40
817
Бөлісу:
Елордада «Әскери керней» фестивалі басталды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін дәстүрлі «Әскери керней» әскери оркестрлер фестивалі басталды. 

Фестиваль еліміздің Астана күніне және Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналды.

Байқауға Ұлттық ұлан Үлгілі-көрсетімді оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама әскери оркестрлері, сондай-ақ Ұлттық ұлан Академиясының әскери оркестрі қатысты. Елордалық жедел құрама аумағында өнер ұжымдары өзара сайысқа түсіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. 

Елордада «Әскери керней» фестивалі басталды

Өнер додасында өздерінің кәсіби шеберліктерімен әділ-қызылар мен көрермендерді тәнті еткен Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі сайыстың Гран-при жүлдесін ұтып алды.  1 орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылғының әскери оркестрі иемденді. «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери ұжымдары 2 орынды өзара бөлісті. Ал 3 орын Ұлттық ұлан Академиясының музыканттарына бұйырды. 

Екі күндік сайыстан кейін, 22 маусым күні кешкісін фестиваль үздіктері «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығынан бастап, «Нұржол» бульварының бойымен «Бәйтерек» монументіне дейін әскери оркестрлер шеруін ұйымдастырып, елорда тұрғынары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  

Елордада «Әскери керней» фестивалі басталды

Бұл шара Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жылдық жоспарына сай өкізіліп тұр. Қос мерекеге арналған фестивальдың басты мақсаты – отандастырымыздың патриоттық рухын көтеру, жастарды елжандылыққа баулу, - деді Ұлттық ұлан Әскери-оркестрлік орталығының бастығы полковник Асхат Мұамедияров.

Сайысқа қатысушы ұжымдар осыған дейін де  «Спаск мұнарасы», «Қазан фанфарлары» іспетті халықаралық байқауларда жүлдеге ие болған. Осы жолы да  өздерінің үздік шығармаларын тарту етті. Шеру барысында көрермендер ұландық өнерпаздарды ыстық ықыласпен қарсы алды. «Бәйтерек» монументінде аяқталған шеру ашық аспан астындағы үлкен концертке ұласты. Елорда тұрғындары әскери оркестрлерге  жақсы көңіл-күй сыйлағандары үшін алғыстарын айтты. 

Елордада «Әскери керней» фестивалі басталды

Айтып өту керек, 24 маусым күні сағат 20.00-де Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатрдың жазғы сахнасында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған «Әскери керней» фестивалінің Плац-концерті өтеді. Онда салтанатты жағдайда үздік әскери оркестрлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі және көпшілікке арнап концерт беріледі.

Сонымен қатар, іс-шараның финалдық бөлігіне үрмелі Мемлекеттік күзет қызметінің аспаптар оркестрі (Президенттік оркестр) және Құрмет қарауыл ротасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрама оркестрі және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысады. 

Әскери оркестрлер фестивалі жыл сайынғы айтулы мәдени оқиғаға айналды және елорда тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас жарқын әсер  сыйлап келеді. «Әскери керней» фестивалі көрерменге әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық музыканы, парад-дефилені, плац-концертті және әскери қызметшілердің қарумен орындайтын көрсетілімдерін паш етеді.

Өзгелердің жаңалығы