Елордада «Ashyq» жобасына 300-ге жуық мекеме қатысуда

4 Мамыр 2021, 17:32
2032
Бөлісу:
Елордада «Ashyq» жобасына 300-ге жуық мекеме қатысуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлік нысандар қатары күн санап артып келеді, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында «Ashyq» пилоттық жобасына 290 кәсіпкерлік субъектісі қатысуда. Оның ішінде 51 фитнес-клуб, 23 спа-орталық, 15 бассейн, 3 боулинг-клуб, 35 компьютерлік клуб, 22 сауна, 129 қоғамдық тамақтану ұйымы, 9 кинотеатр, 2 театр, 1 филармония бар.

Сонымен қатар, бүгінгі күні жобаға ресми қатысушылардан басқа тестілік режимде жұмыс істейтін 70-тен астам субъект қатысуда.

«Ashyq» пилоттық жобасының негізгі мақсаты — келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жұрт қоғамдық орындарға баруы себепті өзін-өзі оқшаулау режимін сақтамайды. Осылайша, вирустың таралуы мүмкін фактілермен жиі күресуге тура келеді. Яғни «Ashyq» жобасы адамның мекемеге кірген кезде оның мәртебесін көруге мүмкіндік береді: байланыста болған, COVID-19 үшін теріс немесе оң тест.

Айта кетейік, қоғамдық мекемеге кірер алдында пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді және оны кіреберістегі әкімшіге ұсынады. Код келушінің мәртебесін анықтайды. Әр түске сәйкес мәртебе келесідей мағына береді:

«Қызыл» мәртебе – ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.

«Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенімен, басқа қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады.

«Көк» – ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест (мысалы, әуежайда) талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.

«Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.

Өзгелердің жаңалығы