Елордада апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары көшіріледі

20 Тамыз 2022, 13:56
1209
Бөлісу:
Елордада апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары көшіріледі
VIDEO
Фото: Әлеуметтік желіден

Биыл апатты жағдайдағы ескі үйлердің арасында қауіпті күйдегі 18 үйдің тұрғындары көшіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда 300-ден астам отбасы тұрады. Мұндай көппәтерлі және жеке үйлердің проблемалары негізінен электр сымдарымен, кәрізбен, сумен, шатырмен, іргетасымен байланысты. Тіпті пәтер ішінде пеш те орнатылған, дәретханасы сыртта орналасқан тұрғын үйлер де бар, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Ол бірқатар апатты үйдің тұрғындарымен кездесті.

Мәселен Сарыарқа ауданында тұратын тұрғындармен (Рауан тұйық көшесі 15, 16, 17) кездесуде көшу мәселесі талқыланды. Олардың баспанасы апатты ескі үйлер тізіміне енгізілген: қазіргі уақытта оларға арнап жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр, оны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқтала салысымен Рауан тұйық көшесі 15, 16, 17 мекенжайында тұратын тұрғындарды көшіреміз, - деп жазды ол.

Елорда Даму бағдарламасы бойынша тұрғындарды қауіпті үйлерден көшіру жұмысы жүріп жатыр. Соңғы 3 жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы көшірілді. Бағдарлама басталғаннан бері шамамен 4 мың 200 отбасы көшірілді.

Сол сияқты қалада 200-ден астам апатты үй бар. Олар бойынша тиісті жұмыс жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баспана жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй кешенін жөндеу, лифтілерді ауыстыру, жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй құрылысы, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы