Елордада әлеуметтік көмек беретін қандай орталықтар бар?

16 Маусым 2022, 12:09
2082
Бөлісу:
Елордада әлеуметтік көмек беретін қандай орталықтар бар?
Фото: Егемен Қазақстан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік мекемелердің қызметін және арнайы қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Жанар Тыныбекова айтты.  

Басқарма өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға стационар, жартылай стационар, үйде болу жағдайында және уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынады. Орталықтарда әлеуметтік қызметтердің сегіз түрі көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық, – деді ол.

Сонымен қатар, Жанар Тынысбекова арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың қызмет түрлерімен таныстырды. Олардың қатарына төмендегі орталықтар жатқызылады.  

 «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – зейнеткерлік жастағы өзіне қызмет көрсете алмайтын және денсаулық жағдайы бойынша стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарт адамдардың стационарлық жағдайда тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына, сондай-ақ өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын, басқа адамның қолдауын қажет ететін егде жастағы азаматтарға үй жағдайында қызмет көрсетуге арналған мекеме.

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында психологиялық патологиясы бар, стационар және жартылай стационар жағдайында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 

«Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар бірінші, екінші топтардағы стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдардың тәулік бойы немесе тұрақты тұруына арналған мекеме.

«Өмірлік қиын жағдайда қалғандарды әлеуметке қосу» орталығы – белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың тәулік бойынша уақытша тұруына арналған мекеме. 

«Үміт» дағдарыс орталығы – стационар жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тәулік бойы 6 айға дейінгі мерзімде болуға арналған арнайы мекеме.

«Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларға сондай-ақ 18 жастан асқан І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.                  

Өзгелердің жаңалығы