Елордада «ALEM SAZ» фестивалі өтеді

27 Қыркүйек 2023, 11:15
5372
Бөлісу:
Елордада «ALEM SAZ» фестивалі өтеді

«Қазақконцертте» өтетін «ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалінің шымылдығын Испания күні ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Испандық гитарашы Амос Лора және композитор Гито Малета дуэті елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Фламенко Джаз» атты шығармашылық кешін ұсынады.

Виртуоз гитарашы Амос Лора - қазіргі заманның танымал жас музыканттарының бірі. Испандық әртіс әйгілі «Амадео Рольдан» консерваториясының түлегі екенін айта отырып, өзінің білім ордасының абыройын әлемнің түкпір-түкпірінде асқақтатып жүр. Ол джаз, рок және куба музыкасының орындаушыларымен бірлесіп көрсеткен өнері мен кәсіби шеберлігінің арқасында әрқашан көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қошеметіне ие. Танымал музыкант әйгілі фламенко әртістерімен бірге Мадрид пен Барселонаның басты сахналарында өнер көрсетуде. Сондай-ақ, концерттік бағдарламаға композитор, көптеген кинофильмдердің музыкасының авторы Гито Малета қатысады.

Испан музыкасының тыңдармандары мен қызығушыларына арналған «Фламенко Джаз» концерті сағат 19:00-де басталады.

«ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалі аясында сағат 12-00-ден бастап «Qazaqstan» орталық концерт залының фойесінде Астана Қолөнершілер альянсының сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылады.

Амос Лора «Фламенко Джаз» стилінде гитарада ойнау техникасы бойынша сағат 13.00-де шеберлік сағатын өткізеді.

«Дос-Мұқасан» (Қазақстан) және «Иберия» Испания, деректі, мюзикл, 16+, ағылшын тілінде) фильмдерінің кино көрсетілімдері жүргізіледі.

Еске салайық, «ALEM SAZ» – әлем елдері мәдениетін шығармашылық ынтымақтастық арқылы бір платформада біріктіруге арналған халықаралық фестиваль. Жоба ұлттар мәдениетін біріктіру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарау бағытына негізделген. Халықаралық музыка фестивалі елдер арасындағы достық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Фестиваль бағдарламасында шетелдік әртістердің концерттері, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.

2022 жылы жоба Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға және АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) құрылғанына 30 жылдығын мерекелеу аясында алғаш рет ұйымдастырылды. Іс-шараға Италия, Германия, Үндістан, Ресей, Испания, Беларусь және Түркия елінің музыканттары ұсынған концерттік бағдарламаларды, түрлі шеберлік сыныптарын, кино көрсетілімдерді 13 мыңнан аса көрермен тамашалады

Күздің ең маңызды мәдени оқиғаларының бірі «ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігі және шетел дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«ALEM SAZ» II халықаралық музыка фестивалінің бағдарламасы:

27.09 – Испания күні

28.09 – Ресей халықтарының күні

29.09 – Түркия күні

30.09 – Жапония күні

01.10 – Пәкістан және Венгрия күні

03.10 – Германия күні

Өзгелердің жаңалығы