Елордада «iPhone 14-ProMax» телефонын алаяқтық жолмен иемденген ер адам анықталды, деп хабарлады BAQ.KZ.
Астана қаласы ПД "Байқоңыр" ауданы ПБ полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының 32 жастағы тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында анықталғанындай, ер адам "Яндекс такси" мобильдік қосымшасы арқылы "жеткізу" қызметін көрсетемін деп, қаланың 24 жастағы тұрғынынан тапсырыс қабылдаған. Жалған курьер клиенттің көрсеткен мекенжайы бойынша дүкеннен жаңа «iPhone 14-ProMax» ұялы телефонын алып, кері жеткізу пунктіне апармаған және байланысқа шықпаған. Алаяққа алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген. Келтірілген шығын 910 999 теңге.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды алдын ала төлеу қағидаты бойынша тауар үшін ақы төлемеуді, сақ болуды ескертеді. Тауарлар мен қызметтерді алғаннан кейін төлем туралы келісуге тырысыңыз.