Елордада 700-ге жуық жас сарбаз ант берді

Кеше, 20:16
147
Бөлісу:
Елордада 700-ге жуық жас сарбаз ант берді
Фото: Polisia.kz

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде жас жауынгерлер Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тепсе темір үзер жігіттер бір ай арнайы дайындықтан өткен. Енді олар бас қаламыздың тыныштығы мен көше тәртібін қамтамасыз етуге атсалысады.

Ұлттық ұлан қатарында борышын өтеуге келген жас жауынгерлерді ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі.

Ал құрама командирі Аян Есжанов жаңадан келген сарбаздардың қызметтеріне бағыт-бағдар берді.

Бүгін сіздер әскери ант қабылдай отырып, Отан алдында, ата-аналарыңның алдында әскери қызметтеріңді адал атқаруға сөз бердіңдер. Осы ерекше күнмен сіздерді құттықтаймын! Енді сіздер әскери бөлімге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кірісесіздер. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету кей жағдайда қиын болуы мүмкін, алайда командирлеріңіздің үйретуімен және жыл бойы жүргізілетін оқу мен тәжірибелерді меңгеру арқылы мұны еңсеруге болады, – деді Қайрат Үмбетов.

Іс-шара барысында алыс-жақыннан келген ата-ана, туған-туыстарына сарбаздар өздерінің оқу пунктінде бір ай бойы үйренген дағдыларын көрсетті. Қонақтар назарына Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары карабинмен дефиле ұсынса, енді бір топ қоян-қолтық ұрыс шеберліктерін паш еті. Ант қабылдамас бұрын еліміздің жауынгерлер арнайы оқу пунктінде әскери өмірге бейімделіп, ішкі тәртіппен танысты.

Сондай-ақ мемлекеттік-құқықтық, саптық дайындық, жалпы әскери жарғы, күн тәртібін жаттап, білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар жауынгерлік қызметке түсу дағдыларын, ату тәсілдерін, әскери техникалар мен қару түрлерін меңгерді. Павлодар қаласынан әскер қатарына шақырылған Сағидолла Батырхан әскери борышын елордалық бригада қатарында өтейтіндігін мақтан тұтатынын айтты.

Әскерге өз қалауыммен келдім. Әрбір ер жігіт өз Отанын қорғай алатындай азамат болу керек. Әскердегі темірдей тәртіпке бағына отырып, өмірде игілігін берер көптеген дағдыны үйренеміз. Бастысы – еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қоса аламыз, – дейді ол.

Әр ата-ана үшін баласы қашанда қымбат. Осындай маңызды күні балаларын сағынып, қолдауға жан-жақтан мыңдаған ата-ана, туған-туыс келді.

Ал Батыс Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы Сұлтан Ескендіровтің әкесі Алмабек Қазиханов әскери қызмет өткеру кезеңінде ұлына қолдау көрсеткені, тәрбиелегені және оған көңіл бөлгені үшін әскери бөлім қолбасшылығына алғысын білдіріп, әрбір әскери қызметшіге көрсетілетін тәртіп пен қамқорлықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шара шымылдығы әдеттегідей салтанатты шеруімен жабылды.

Сапта тұрған жас сарбаздар енді аға буынмен бірге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
 

Өзгелердің жаңалығы