Елордада 3 жасар баланың омыртқасына ерекше әдіспен ота жасалды

19 Мамыр 2023, 09:27
874
Бөлісу:
Елордада 3 жасар баланың омыртқасына ерекше әдіспен ота жасалды

Құны 2 млн теңгеден асатын аталған ота пациентке МӘМС жүйесінде жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елордада Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, жаңа жоғары технологияны қолдану арқылы, туа бітті омыртқа патологиясы анықталған 3 жасар балаға ерекше әдіспен ота жасады.

3 жасар балақайда омыртқа патологиясын дәрігерлер ана құрсағында-ақ анықтаған. Дүниеге келгеннен кейін оның бойынан ауытқуларды байқалмайды. Тек бірнеше жылдан кейін ата-анасы баланың омыртқасынан «дөңес»-тенген өзгерісті аңғарады. Баланы дәрігерлерге тексерткен олар қосалқы жарты омыртқа пайда болғанын және омыртқаның аздап қисайғанын анықтайды. Бірақ баланың қимыл-қозғалысына кедергі келтірмеген. Әйтсе де дәрігерлер болашақта бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіреді.

Сколиоз сырқаты отандық дәрігерлерге таңсық емес. Соңғы кезде балаларда омыртқаның қисаюы (сколиоз) көп кездесететіндіктен жиі ота жасалады. Дегенмен  балақайдың емі бөлек. Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігерлері ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, жаңа технологияны қолдану арқылы, туа бітті омыртқа патологиясы анықталған 3 жасар балаға ерекше әдіспен ота жасады. Ғалымдардың ең жаңа әзірлемесі - титан металл конструкциясы алғаш рет 3 жасар балаға сколиоздың ауыр түрін түзету үшін орнатылды.

Бұл әдіспен омыртқа 100 пайызға дейін түзеледі. Артық омыртқаны алып тастаймыз. Ары қарай келешекте балада ешқандай омыртқаның қисаюы немесе қандай да басқа шағымдар болмайды. Туа бітті омыртқа потологиясын анықтау оңай емес. Кішкентай кезде бірден білінбейді. Бастапқыда баланың дамуы, жүруі қалыпты болады. Тек өскен сайын жағдайы қиындайды. Е.балақай отадан кейін айығып, үйіне шықты. Көп ұзамай қатарластары сынды қалыпты өмірге оралады, - дейді Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының бөлім меңгерушісі Сейдалы Әбдәлиев.

Ота барысында ерекше әдіс – жаңа технологияны қолдану үшін компьютерлік бағдарламада 3D жасалды. Компьютерлік томографияға сәйкес, тірек-қимыл құррамдарының өлшемдері, аймақтары мен орнату орындары, сондай-ақ тірек элементтерін енгізу траекториясы – мұның бәрі алдын ала жоспарланған.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ елорда филиалының мәліметінше, ота уақыты 2 сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Бірнеше жылдан кейін құрылымды алып тастауға болады дейді дәрігерлер. Осы уақыт ішінде ол омыртқаның туа біткен ақауларын түзетіп, нәрестенің толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді. Құны 2 млн.теңгеден асатын бұл ота пациентке тегін, яғни МӘМС жүйесінде жасалды.

Балама осындай күрделі ота жасаған дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Олардың бәрі біз үшін алаңдады, ота сәтті өтті. Баланың жағдайы қазір жақсы. Мультфильмдер көріп, ойыншықтарымен ойнап жүр, - деп қуанышымен бөлісті балақайдың әкесі.

Елімізде осы кезге дейін 40 мыңнан астам адамда омыртқаның қисаюы анықталған, оның 80%-ы балалар мен жасөспірімдер.

Өзгелердің жаңалығы