Елордада 2029 жылға дейін 60 балабақша салынады

21 Ақпан 2024, 12:04
283
Бөлісу:
Елордада 2029 жылға дейін 60 балабақша салынады
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 66 119 баланы қамтитын 532 мекемені құрайды. «INDIGO: электрондық балабақша» порталында 47 274 бала кезекке тіркелген.

Былтырғы жылдан бастап ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында 100 балабақшада баланы «Индиго» жүйесіне кезекке қою, балабақшадан орын алу сынды мәселелерге қатысты 100 консультациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін Астана қаласы бойынша 3 мыңға жуық ата-ана мен балаға көмек көрсетілді. Астана қаласының Білім басқармасы «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндама жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Жоба аясында 2024 жылы балаларды балабақшамен барынша қамтуға қол жеткізу үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 10317 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланған. Өткен жылы да 10317 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген, - дейді спикер.

Сондай-ақ биылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды ұлғайту мақсатында жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында бірқатар жаңа балабақшалар ашылған.

2029 жылға дейін 60 балабақша салу жоспарланған. Бүгінгі күні 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталды. Бұдан басқа, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңберін кеңейтуді іске асыру бойынша жұмыстар қолға алынды, - дейді Қасымхан Сенғазыев.

Өзгелердің жаңалығы