Елордада 1 шілдеден бастап мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау процесі қайта басталады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтында жазылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Адылбаевтың мәліметінше, биыл 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 15 мыңнан астам орын ұсынылады.
Баланы балабақшаға орналастыру INDIGO электронды жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ата-аналар онлайн режимде:
- жеке кабинетке кіріп, өтініштің мәртебесін тексере алады
- құжаттарды электронды түрде жүктей алады
- ed24.kz мобильді қосымшасына тіркелуі қажет
- медициналық анықтамаларды алдын ала дайындауы керек.
«Бұл рәсімдер қабылдау процесін жеделдетіп, адами фактор ықпалын азайтады», – дейді Серік Адылбаев.
Астанада 653 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде:
- 99 – мемлекеттік
- 551 – жекеменшік
- 3 – ведомстволық балабақша
Ата-аналар INDIGO арқылы тек қарапайым балабақшаға ғана емес, арнайы (коррекциялық) мекемелерге өтініш бере алады.