Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артып келеді. Қор елімізде оңалту қызметтерінің дамуына қолдау көрсетеді.
Оның ішінде коронавирустық пневмониямен ауырған науқастарға, қауіпті созылмалы сырқаттардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді - деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.
Жалпы, медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:
Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.
Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.
Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты.
Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2021 жылы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық – 3 медицина ұйымы бар. Жыл басынан бері елордада 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық деңгейде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Коронавирустық пандемия оңалтудың қаншалықты маңызды екендігін және бұл бастама қаншалықты уақытылы жүзеге асырылғанын көрсетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруда.
Атап өтейік, жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің озық клиниканы таңдауына мүмкіндік береді.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілердің бірі – «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығында күндізгі стационардың 2 кезеңі бойынша ковидтан кейін медициналық оңалтудан өтуге болады. Қазіргі уақытта аталған клиникада МӘМС аясында 171 пациент ақысыз медициналық оңалтудан өтті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оңалту шараларына көп көңіл бөледі. Қазір біз оңалту жұмыстарын дамытуға күш салудамыз. Дәрігер науқасты қарағаннан кейін қажетітілігіне қарай оңалтуға жолдама береді. Ем курсы – 5-6 күн. Емге:
• Массаж (барлық түрі)
• ЕФК (оның ішінде, тыныс алу гимнастикасы, цигун)
• Физиоемдеу
• Тұз шахтасы, кислородты коктейль,
• Бассейн, фитобочка
• Бинауральды терапия
• Психикалық түзету және психологиялық ем-шаралар кіреді, - деп түсіндіреді «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қорының жетекшісі Б.Бейсенбаева.
Коронавирус инфекциясы ковидтен кейінгі түрлі асқынулармен ауырғандар үшін қауіпті. Ковидтен айығып шыққан науқастардың басым көпшілігі, демікпемен қоса, жүрек, буын ауруларының белгісі мазалайды. Сондықтан науқас короновируспен ауруханаға түскен кезде ем-шарамен бірге дәрігер реабилитологтың да кеңесін алады. Маман өзінің қосымша емдеуін тағайындайды. Ол тегін медициналық көмектің кепілендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал екінші және үшінші оңалту кезеңін пациент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алады.
Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады. Сондай-ақ, Қор тарапынан медицина қызметкерлері үшін оқыту онлайн семинарларын өткізу, олардың білімін бақылау арқылы халыққа қызмет көрсету бойынша жұмысты арттыруға жеткізушілермен өзара іс-қимыл және ынталандыру бойынша жүйелі шаралар жалғасуда. Медициналық ұйымдар Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын жолға қойып, тіркелген тұрғындардың мұқтаждықтарына-сұраныстарына жауапкершілікпен қарауы қажет, - деп атап өтті ӘМСҚ елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Егер емделушіге медициналық көмек беруден бас тартса немесе оңалту ережелеріне қатысты сұрақтар туындаса, 1406 байланыс орталығына хабарласуға немесе «Qoldau - 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады.