Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Елордада Алматы және Сарыарқа аудандары газдандырылды. Газ тарату желілері 9 тұрғын алаптарында жүргізілген. Тұңғыш Президенті күні қарсаңында елорда әкімдігі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен бірлесіп «Интернациональный», «Мичурино» «Күйгенжар» тұрғын үй алаптарына газ тарату желілерін жүргізді, -деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта газ тарату желілері "Көктал-1", "Көктал-2", "Железнодорожный", "Промышленный", "Агроқалашық", "Оңтүстік-Шығыс", "Интернациональный", "Мичурино", "Күйгенжар" 9 тұрғын алаптарында жүргізілді. Ол үшін 650 км-ден астам газ тарату желілері салынды.
Қазіргі уақытта қалада 1,5 мыңнан астам отбасы газға көшті. Бұл дегеніміз, көптеген отбасылар үйлерін көмірмен жылытпайтын болады. Ал бұл орташа есеппен 20 мың тонна көмір. Бұл сөзсіз қала экологиясына жағымды әсер етеді. Тағы 4 мың 600-ден астам отбасы техникалық жағдайға ие болды, - деді Алтай Көлгінов.
Қазір «Қазақауыл», «Ақбидай» шағын аудандарында, сондай-ақ қаланың Потанин көшесіндегі ескі бөлігінде газды іске қосу үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Көмірден газға көшудің көптеген артықшылықтары бар: тұрғындарға көмірді сатып алу, сақтау, сапасы туралы ойланудың және күніне бірнеше рет үйді жылыту үшін от жағудың қажеті жоқ, қаланың экологиясы жақсарады, бұл қалалықтарға жағымды әсер етеді. Газдандыру атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.