Елордада "Мың алғыс" қайырымдылық кеші өтеді

18 Ақпан 2020, 18:54
2564
Бөлісу:
Елордада "Мың алғыс" қайырымдылық кеші өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алғыс айту күніне орай "Қазақстан" концерт залында "Qazaqstan" РТРК" АҚ "Қазақ радиолары" ЖШС ұйымдастыруымен "Мың алғыс" дәстүрлі қайырымдылық кеші өтеді.

Кешке ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сенат және Парламент мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысады.

Шара мақсаты – мейірімділікті, қайырымдылықты, өмірге деген құштарлықты насихаттау, ауыр дертке шалдыққан жандардың еміне қаражы жинау.

"Мың алғыс" қайырымдылық концертінде:

  • Мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Самат Ақбергеновке көмек көрсетіледі;

  • "Харекет" қайырымдылық қоры 3 отбасына баспана кілтін табыстайды. Олардың бірі Қарағанды қаласы, екеуі Ақмола облысынан;

  • "Асыл адам" қайырымдылық қоры өзінің баспанасы болмаса да, өзгеге қолұшын созып жүрген еріктінің біріне пәтер кілтін табыстайды;

  • Шешенстан Республикасы Грозный қаласында тұратын Мариям Рамазанқызы 56 жылдан соң туған әпкесі Наталья Метельскаямен табысады;

  • Германияда 1982-1984 жылдары әскери борышын өтеген Мұхит Марасулов пен Балтабай Ақжанов 36 жылдан соң кездеседі;

  • Шараға "Бармысың, бауырым?!" бағдарламасы арқылы жақындарын тапқан Янина Мелехова (Мәскеу) мен Виктор Винтерголлер қатысады;

"Бармысың, бауырым?!" бағдарламасы эфирге шыққалы 800 хат-қоңырау түсіп, 130 адам анықталды. "Мың алғыс" радиохабары мен қайырымдылық кеш аясында мұқтаж жандарға 85 630 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Қайырымдылық концертіне Майра Мұхамедқызы, Құрмаш Махан, Мирас пен Құралай, Әлішер Каримов, Қарақат Әбілдина, Өмірқұл Айниязов, Алтынай Жорабаева сынды эстрада жұлдыздары, "Ұлттық ұлан" сарбаздары, "Art Music" квартеті қатысады.

Өзгелердің жаңалығы