Елорда әнұранына лайықты шығарма түспегендіктен байқау кейінге қалдырылды

3 Қыркүйек 2019, 01:52
1759
Бөлісу:
Елорда әнұранына лайықты шығарма түспегендіктен байқау кейінге қалдырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі биылғы жылғы мамырдың аяғында елорданың үздік әнұранын анықтауға шығармашылық байқау жариялаған болатын. Алайда байқауға келіп түскен шығармалардың ешқайсысы қазылар алқасының көңілінен шықпауына байланысты кейін қалдырылды.

Елорда Инфо хабарлағандай, байқаудың қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы.  ақын байқаудың алғашқы кезеңінде 100-ге тарта мәтін түскенімен, жоғары деңгейдегі дүние түсе қоймағанын және шығармалардың әуенін қараған композиторлардың да қаланың әнұраны боларлық лайықты музыка таппағанын айтады.   

«Барлығы сол «жасасын, Астана!», «жас қала, менің мақтаным» деген сияқты жадағай болып келеді, жарқ ететіндей жаңа ой, салмақты сөз, айшықты образ таппадық. Содан кейін қайта бір көрейік деп қайтадан байқау жарияладық. Байқау уақытын созып, қайта қараған кезде де алдыңғыдан өзгешелік болмады, 68 өлең қарап шыққанда тағы да жаттанды сөздер. Комиссия мүшелері яғни музыкасын қараған композиторлар Серік Еркінбеков, Сәкен Әбдірахманов, ақын Серікзат Дүйсенғазин де осындай пікірде. Лайықты шығарма таппағандықтан, елорданың әнұранына байқауды кейінге қалдырайық деп ұйғардық», - дейді байқаудың қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айтұлы.

Ақын Нұр-Сұлтан қаласы әнұранының сөзі де, әні де ерекше, рухты, көркемдігі биік болуы шарт деген ойда.

«Бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қазақтың тәуелсіздігінің тірегі, бізді әлемге танытқан қала, бәрі назар аударып отырған сәтте оның әнұранында тәуелсіздіктің мәні, ол қазаққа не берді, алда не береді деген тың ой болуы тиіс еді. Меніңше әнұранды ұрандатпайды, халықтың санасы мен жүрегінен орын алып, ол уақыты келгенде елордаға деген сүйіспеншіліктен, елге деген махаббаттан өзінен-өзі туатын дүние. Менің өзім кезінде осы Астана жөнінде «Бәйтерек» деген поэма жазған адаммын. Онда халықтың тағдыры, Астананың салынуы, тәуелсіздікті қастер тұту бар. Егер келіп түскен шығармалардың ішінде өте сәтті, әуені де, сөзі де үйлесімді келіп тұрса шығарып жіберуге болар еді, ал, асығыста, шикілі-пісілі, сын көтермейтін нәрсені әнұран деп тапсақ, оны халық қабылдамай сынға ұшырап жатса, одан қазылар алқасы абырой таппайды. Келешекте үлкен сөз шеберлері, арқалы ақындар, мықты композиторлар елдігімізді ұлықтап, елордамыздың мерейін асқақтатқан сәтті шығармалар ұсынады деген үміт бар», - дейді ақын Несіпбек Айтұлы.


Өзгелердің жаңалығы