Елорда мектептерінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылады

15 Тамыз 2023, 18:07
1006
Бөлісу:
Елорда мектептерінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылады
Фото: МСМ баспасөз қызметі

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациясы қазақ күресін дамытуға және оны мектеп бағдарламасына енгізу бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ұлттық спорт түрін пән ретінде оқыту ең алғаш 2021 жылы Астана қаласындағы мектептерде апробациядан өткен.

Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленіп, жүзеге асырылды.

Пилоттық жоба тиімділігімен танылып, жақсы нәтиже көрсетті. Осының арқасында бүгінде Астананың 28 мектебінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылады.

Айта кету керек, елімізде қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатын отандастарымыздың саны 159 мыңға жетті. Бүгінгі таңда 4427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спорт түрін дамыту бағытындағы кешенді жұмыстың нәтижесінде бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға ниетті.

Қазақ күресі әсіресе аудандарда, ауылдарда қарқынды дамып жатыр. Себебі бұл шығыны аз, көпшілік үшін қолжетімді спорт түрі саналады. Бірақ біз қала жастарын да ұлттық спорт түріне баулу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ күресіне тек күрес түрі ғана емес, жастарымыздың жігіттік болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы ретінде қарау керек. Осы орайда ұлттық спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізудің маңызы өте жоғары,- деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Өзгелердің жаңалығы