Елорда күнінде отшашу бола ма? Көлгінов жауап берді

30 Маусым 2021, 13:18
3008
Бөлісу:
Елорда күнінде отшашу бола ма? Көлгінов жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз конференциясында «Қала күніне орай отшашу бола ма?» деген сұраққа жауап берді.

Алда қала күні келе жатыр. Мерекеге орай қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады? Олар қандай форматта өтеді? Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін биыл отшашу өте ме? - деп журналист әкімге сұрақ қойды.

Көлгіновтің сөзінше, қала күні – тұрғындар үшін ерекше күн. 

Адамдар көптен күткен мерекені атап өткілері келеді. Дегенмен эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоспарды өзгерттік. Себебі жылдың басында жоспар болатын. Алайда эпиджағдайға байланысты жабық мекемелерде өтетін барлық іс-шара онлайн форматқа ауысады, - деді әкім.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов көп іс-шара өткізілмейтінін де айтты.

Далада әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Қала күнін әлеуметтік бағытта өткізгіміз келеді. Мысалы, кезекте тұрғандарға 400 пәтер кілті табысталады, үлескерлердің 20 көппәтерлі үйінің құрылысы жүргізіледі, көру кемістігі бар балалар үшін балалар бақшасы ашылады, - деп түсіндірді елорда әкімі.

Сөз соңында Көлгінов отшашу жоспарда жоқ екенін айтты.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Astana LRT құрылысы қалай жүріп жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы