Елордалықтар бас қаланың дизайн-кодын әзірлеуге қатыса алады

6 Қаңтар 2020, 14:39
4120
Бөлісу:
Елордалықтар бас қаланың дизайн-кодын әзірлеуге қатыса алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Астана бас жоспары" ғылыми-зерттеу жобалық институты елорданың дизайн-коды бойынша қала тұрғындарының ұсыныстарын қабылдайды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды. 

Үш ай бойы институт қала тұрғындары мен сарапшылар қоғамдастығынан астананың дизайн-кодын әзірлеуге қатысты пікірлері мен ұсыныстарын astanagenplan@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылдайтын болады. 

Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы дизайн-код қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру, орта дизайны мен эстетикалық көрінісін жетілдіру жөніндегі ережелер мен ұсынымдардың жиынтығы екенін еске салады. 

Басқарма мамандарының айтуынша, дизайн-кодта кеңістік пен қалалық орта объектілерін жүйесіз, ретсіз қалыптастыру тәжірибесінің салдарын жоюға, қала көшелері мен алаңдарын жобалау, тұрғызу үдерісіне белгілі бір тәртіп пен эстетикалық бағыт енгізуге мүмкіндік беретін ережелер әзірленіп, ұсыныстар жасалды. 

Сондай-ақ, бірыңғай сәулет стилінің параметрлері "Қазақстан Республикасындағы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңында жазылған. Соған сәйкес республикалық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтары үшін дизайн-код құжатын жасау қажеттілігі көрсетілген, - делінген ресми ақпаратта.

Алайда әзірге бірыңғай дизайн-код тек Нұр-Сұлтанда ғана қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы