Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық архиві және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығы бірлесіп, 3 шілде күні сағат 15.00-де «Елорда бейнесі архив құжаттары мен сирек басылымдарда» атты құжаттық көрме өткізуді жоспарлап отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, көрменің мақсаты – қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасымен, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуы мен даму тарихын насихаттайтын архив құжаттары және тарихи кітаптармен таныстыру. Көрме үлкен патриоттық бағдар беріп, әр адамның рухани байлығы мен дамуы үшін өте маңызды болып табылады. Әрбір құнды құжат көрме қатысушыларын әлемдегі ең үздік сәулетшілер салған қазіргі астанамызбен, оның сұлу келбетімен таныстырады.
«Көрмеде мемлекет тарихына арналған маңыздылығы зор архив құжаттарымен танысуға болады: Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» (1991 жылғы 16 желтоқсан) Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» ҚР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы (1994 жылғы 6 шілде),«Қазақстан Республикасының астанасы туралы» ҚР Президентінің Жарлығы (1995 жылғы 15 қыркүйек), ҚР Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы» қаулысы (1995 жылғы 28 қыркүйек), ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасын жариялау туралы» Жарлығы (1997 жылғы 20 қазан), ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы (1998 жылғы 6 мамыр) және басқалар», - делінген хабарламада.