Елорда әуежайының жұмысында көптеген заң бұзушылық анықталды

8 Қыркүйек 2022, 21:45
1456
Бөлісу:
Елорда әуежайының жұмысында көптеген заң бұзушылық анықталды

ҚР ИИДМ аудиттік тексерісі елорда әуежайының жұмысына байланысты көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі мүшелерімен отырыс өткізді. Басқосу барысында ҚР ИИДМ ішкі аудит қызметінің биылғы тамыз айында елорда әуежайына жасаған тексеріс қорытындысы қарастырылды.

Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша әуежай басшылығы тарапынан жасалған көптеген кемшіліктер мен бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерінің мемлекеттік сатып алу порталынан тыс жүргізілуі, келісімшарттарды жасау барысында ашықтықтың болмауы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі бұзушылықтардың орын алуы, жанар-жағар май материалдарын заңсыз босату, ұйымдық құрылымды құрудағы бей-берекетсіздік, Қоғам басшылығы арасындағы қызметтік міндеттемелерді заңсыз бөлу сынды заңдылыққа қайшы әрекеттер анықталған, - делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сонымен қатар директорлар кеңесі әуежайдағы бірқатар қызметтерді (авиажанармайды тарату, нысандарды жалға беру) аутсорсингке беру кезінде қажетті талаптардың сақталмағанын анықтаған. Өз кезегінде бұл аталған қызметтердің тиімсіздігіне әкеп соққан.

Директорлар кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша әуежай басқармасына арнайы талдау жүргізіп, аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды қайта қалпына келтіруге бағытталған жоспар құруды тапсырылды. Сондай-ақ ұйым құрылымын қайта қарау, мемлекеттік сатып алулар кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, жанар-жағар май материалдары шығындарына бақылауды күшейту, қызмет көрсету бойынша келісімшарттардың тиімділігіне ревизия жүргізу міндеттелді. Бұдан бөлек, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі де тапсырылды, - делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, бірден бір акционер – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шешімімен 2022 жылғы 6 қыркүйекте «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Қалиұлы Тәжімұратовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып төрағаның орынбасары Мұхиден Әбілдинов тағайындалды.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесі компания басқармасына тексеріс нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды қайта қалпына келтіруге бағытталған арнайы жоспар құруды тапсырды

Өзгелердің жаңалығы