Елорда әкімдігі жаңадан құрылатын аудан атауына қатысты мәлімдеме жасады

12 Маусым 2024, 20:33
476
Бөлісу:
Елорда әкімдігі жаңадан құрылатын аудан атауына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: елорда әкімдігінің сайты

Елордада Алматы ауданын екіге бөліп алтыншы әкімшілік ауданды құру жұмысы қолға алынған сәттен бастап түрлі ұсыныстар түсті. Бұл туралы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, зиялы қауым өкілдерімен, тарихшы ғалымдармен және қоғам қайраткерлерімен алтыншы ауданның атын қою жөнінде арнайы кеңес өткен.Басқосуда бірқатар ұсыныс айтылды.

Әр ұсыныстың тарихи, мазмұндық астарына үңілдік. Айтылған 15-ке жуық ұсыныстың ішінен басым дауыспен ерекшеленген негізгі төрт нұсқаны қалалық ономастика комиссиясының қарауына алып шықтық. Әр атаудың өз ерекшелігі, тарихи негізі бар. Ол төрт ұсыныс – Сарайшық, Тұран, Сауран, Жерұйық болды. Жаңа ауданның шекарасы айқындалғаннан кейін қалалық ономастика комиссиясының отырысын өткізіп, жоғарыда айтылған төрт ұсынысты комиссия мүшелерімен бірге талқылап, дауысқа салдық. Комиссия мүшелерінің ортақ шешімімен Сарайшық деген атауды жаңа ауданға беру жөнінде тоқтамға келдік, - дейді Сәкен Есіркеп.

Ол сөзін жалғай отырып, Сарайшық атауының мағынасына кеңінен тоқталып өтті.

Сарайшықтың не екенін көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Орта ғасырлық қала, кезінде Алтын Орданың, кейіннен Қазақ хандығының астанасы болды. Бұл қала Ұлы Жібек Жолының бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болған. Деректерге сүйенсек Сарайшық Еуропа елдері мен Алтын Ордадан Хорезм қалаларына, Үндістан, Ирак және Қытай елдеріне басты құрлықтық керуен жолдарын жалғаған. Сарайшық тек сауда ғана емес мәдени, экономикалық және саяси орталық ретінде үлкен маңызға ие болған. Сарайшықта Алтын Орданың бірнеше ханы мен тарихи тұлғасы, сондай-ақ қазақтың әйгілі Қасым ханы жерленген. Бүгінгі Қазақстанның батыс бөлігінде, Жайық өзенінің бойында, Атырау қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Біз биыл Ұлық Ұлыстың 800 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Ал Сарайшық дәл осы Ұлық Ұлыстың бірден бір орталығы болған ірі шаһар, - деп түсіндірді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.

Ол сол сияқты елорданың әрбір ауданы топонимикалық атауларды иеленгенін мәлім етті.

Астананың қазіргі бес ауданы Қазақстанның әр өңіріне қатысты топонимикалық атауларды иеленген. Мәселен Алматы оңтүстік-шығыста болса, Байқоңыр оңтүстік-батыста орналасқан. Ал Сарыарқа Қазақстанның тұтас орталығын қамтып тұрса, Нұра Қарқаралыдан бастап Қарағанды, Ақмола облыстарын қамтиды. Есіл өзені Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып жатыр. Осы орайда Қазақстанның батыс бөлігіндегі ірі тарихи қаланың атын қала ауданына әкелудің мазмұндық, идеялық, ұлтты ұйыстыратын маңызы зор деп білеміз. Осыған орай, Астананың жаңа алтыншы ауданына Сарайшық атауын беру ұсынысын қолдауды сұраймыз, - деп басқарма басшысы сөзін аяқтады.

Өзгелердің жаңалығы