Елімізге заңсыз әкелінбек болған 1,6 мың тонна тауар кері қайтарылды

18 Қазан 2021, 21:03
30770
Бөлісу:
Елімізге заңсыз әкелінбек болған 1,6 мың тонна тауар кері қайтарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің  аумақтық бөлімшелері карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру кезінде карантинге жатқызылған 1,6 мың тоннадан астам импорттық өнімді ұстады.

Карантинге жатқызылған өнім Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан, Қытайдан, Польшадан, Литвадан және Түркиядан әкелінген.

Фитосанитариялық қаупі жоғары, карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелудің 76 фактісі анықталды.

55 жағдайда фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде фитосанитариялық сертификаттардың жоқтығы анықталды.

Оның ішінде, Ресей Федерациясынан 0,9 мың тонна қызанақ, сәбіз, қырыққабат, бұрыш, қызылша, алма, алмұрт, қара өрік, банан, сондай-ақ бидай мен арпа, Қырғызстаннан 3 тонна алма, пісте және күріш импорты кезінде,

Қытай Халық Республикасынан 147 тонна бадам, асқабақ шемішкесі, жаңғақ және кептірілген манго және Польшадан әкелінген 5,2 тонна жемістің фитосанитариялық сертификаты болмай шықты. 

Қырғызстаннан 24 тонна алма мен кептірілген жемістері мен Ресей Федерациясынан 0,5 тонна көгал шөп тұқымын әкелу кезінде тауарлық белгісі жоқтығы анықталды.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясынан 422 тоннадан астам бидай, арпа, мақсары және кебек, Түркиядан 19,4 тонна інжір және Литвадан 0,2 тонна көкөніс импорты кезінде карантинге жатқызылған өнім қайталама тексеруге ұсынылмаған.

Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, 4,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Жыл басынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің  аумақтық бөлімшелерімен өсімдіктер карантині саласында 5 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, нәтижесінде 375 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де карантиндік тауарды ел шекарасынан енгізбек болғандардың жолы кесілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы