Елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек – Тоқаев

8 Қараша 2022, 11:22
680
Бөлісу:
Елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек – Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мен өткен аптада еліміз үшін айрықша маңызы бар бірқатар заңға қол қойдым. Оның ішінде сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді ерекше атап өткім келеді. Жаңа заңдар шын мәнінде халықтық сипатқа ие өкілді органдар қалыптастырады. Біздің міндетіміз – ел алдында абырой-беделі бар, қолынан іс келетін жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жағдай жасау. Аралас сайлау жүйесі депутаттардың атқарушы билікке ықпалын күшейте түседі. Сондай-ақ, өңірлердің мәселесін мемлекеттік деңгейде уақытылы көтеруге септігін тигізеді. Партия құрудың жаңа әділ ережелері енгізілді. Бұл қадам азаматтардың саясатқа араласу мүмкіндігін арттырады. Олар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға қатыса алады. Сондай-ақ, елімізге басқарушылардың жаңа буыны керек. Әсіресе, жоғары және орта буын басшыларының құрамын жаңарту аса маңызды. Сол үшін мемлекеттік қызметке ауқымды реформа жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Ол басқару ісіне аймақтардан шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән берілетінін айтты.

Түрлі салаға білікті мамандар тарту үшін бәріне бірдей мүмкіндік берілетін болады. Меритократия – басты қағидатымыз. Әсіресе, басқару ісіне аймақтардаң шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән береміз. Ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтар әр аймақта бар. Оларға жол ашу – мемлекеттің міндеті. Біз «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз. Қазақстанның дамуына әрбір аймақ сүбелі үлес қосып отыр. Батыста мұнай өндірілсе, орталықта көмір, шығыста металл шығады. Солтүстік аймақтар астығымен әйгілі болса, оңтүстік төрт түлігімен, бау-бақшасымен танымал. Бір сөзбен айтсақ, әр өлкенің өз ерекшелігі бар. Түптеп келгенде, бәрі – бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас Қазақстан, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы