Елімізге 200 мыңнан астам ресейлік кірді – ІІМ

4 Қазан 2022, 12:30
1261
Бөлісу:
Елімізге 200 мыңнан астам ресейлік кірді – ІІМ
Фото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов

21 қыркүйектен бастап Қазақстанға неше ресейлік келіп, неше ресейлік елден шығып кетті?  Үкімет кулуарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Мобилизация басталғаннан бері Ресейдің 200 мыңнан астам азаматы елімізге келді. Бірақ бүгінгі таңда 147 мыңы шығып кетті. Әрине ішінара мобилизация жарияланған кездерде үлкен кептелістер болды. Кешеден бастап бұрынғы қалпына келді. Мысалы, кешегі күнді алатын болсақ, Ресейдің 7 мыңнан астам азаматы мемлекетімізге кірді, 11 мыңға жуығы шығып кетті. Сондықтан қазір келгендер шығып жатыр. Миграциялық ахуал бақылауда. Жан-жақты қарап жатырмыз, - деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, кешеден бері Ресейден Қазақстанға қарай ағылған нөпір бәсеңсіп, қалыпты деңгейге түскен. Сондай-ақ ол екі арадағы шекаралық қатынас тар экономикалық одақ аясында реттелетінін еске салды.

Екі тараптан да шекарадан өтетін азаматтарға шектеу жоқ, болмайды да. Өйткені біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясында құқықтық шартымыз бар. Құқықтық мемлекет болғандықтан бүкіл іс-қимылды осы заң шеңберінде жасаймыз, - деді ведомства басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы