Еліміздің жаңа Елтаңбасы жасалуы мүмкін. Тоқаев комиссия құруды тапсырды

15 Наурыз 2024, 16:01
586
Бөлісу:
Еліміздің жаңа Елтаңбасы жасалуы мүмкін. Тоқаев комиссия құруды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер жайлы мәселені көтеріп, азаматтардың пікірі ескерусіз қалмауы керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс, - деді Тоқаев.

Президент атап өткендей, қазір осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысып жатыр.

Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан, - деп айтты Тоқаев отырыста.

Президент Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалатынын жеткізді. Тоқаев атап өткендей, оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады.

Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы