Еліміздің экономикасына 11 млрд долларға жуық қаражат тартылды

28 Желтоқсан 2023, 15:30
585
Бөлісу:
Еліміздің экономикасына 11 млрд долларға жуық қаражат тартылды
Фото: Арман Мухатов - архив

АХҚО қатысушылары мемлекетіміздің бюджетіне 68,5 млрд теңге көлемінде салық төлеп үлгерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2023 жылғы қызметінің нәтижелерін көпшілікке ұсынды. АХҚО Орталық Азия өңірінде және Шығыс Еуропада (Global Financial Centres Index рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты сақтап, бизнес ашу әрі жүргізу, іскерлік орта тудыру, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту үшін тиісті қолайлы құқықтық, реттеуші ортаның және дамыған инфрақұрылымы бар екенін тағы да дәлелдеді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Орталық инвестицияларды тарту бойынша мерзімінен бұрын нәтижеге қол жеткізіп, алдына жаңа мақсаттар қойып отырғанын алға тартты: «Қазірдің өзінде АХҚО арқылы ел экономикасына 10,9 млрд АҚШ доллардан астам қаражат тартылды, оның ішінде AIX биржасы арқылы - 4,6 млрд және қатысушылардан 6,3 млрд инвестиция тартылды, осылайша орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында қойылған міндет орындалды. Орта мерзімді перспективада біз инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз және нарыққа көміртегі квотасы нарығы, тұрақты қаржыландыру сияқты сұранысқа ие құралдарды ұсынатын боламыз».

Биылдың өзінде АХҚО-да 600-ден астам жаңа қатысушы компаниялар тіркелді, олардың жалпы саны әлемнің 78 елінен 2 300-ден астам компанияны құрады. Қаржы орталығы қызметінің барлық кезеңінде АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 68,5 млрд теңге көлемінде салық төлеп үлгерді.

2023 жылы әсіресе көлік, логистика, агроөнеркәсіптік және өндіруші кешендер, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), IT-сала сияқты бағыттар едәуір жақсы дамыды. Орта дәліз жобасы бойынша «ҚазМұнайГаз» еншілес құрылымы Аbu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп АХҚО-да Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнын тіркеді. Екі ірі танкер Ақтау портына келді. ҚТЖ Грузия мен Әзірбайжанның ұлттық компанияларымен бірлесіп Орта дәліздің құрлықтағы жобаларына инвестиция салу үшін ортақ кәсіпорын құрды. «Самұрық-Қазына» қоры АХҚО қытайлық қатысушы-компанияларымен бірлесіп жел генерациясын құруда.

AIX-те тартылған капитал 2023 жылы 1,95 млрд АҚШ долларынан асты. 7 үлестік құрал орналастырылды, оның ішінде AIX ресми тізіміне «KEGOC» АҚ акциялары енгізілді. 2023 жылы Aстана халықаралық биржасында сауда-саттық көлемі 2022 жылғы 173 миллион доллармен салыстырғанда жаңа рекордты, яғни 510 миллионды көрсетті. AIX орталық депозитарийіндегі жеке шоттардың саны 1,5 млн-нан асты.

Polymetal International ірі компаниясын АХҚО юрисдикциясына көшіріп қайта құру маңызды оқиғалар қатарына кірді. Алпауыт өз акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX биржасына көшірген алғашқы эмитент ретінде тіркелді. Көшіру нәтижесінде ірі жаһандық кастодиан банктер AIX депозитарийіне қол жеткізді. Тіркелген қорлардың саны 2023 жылы 20-дан 37-ге дейін өсті. Басқарудағы инвестициялық қорлар активтерінің көлемі 616 млн долларды құрады.

Инвестицияларды тартуға жәрдемдесу үшін АХҚО Қазақстанның қаржы нарығында бұрын болмаған жаңа өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруда. Мәселен, 2022 жылдан бастап 2023 жылғы қарашадағы деректер бойынша АХҚО криптобиржаларының қазақстандық банктермен өзара әрекеті жөніндегі пилоттық жоба шеңберіндегі транзакциялар көлемі шамамен 220 миллион долларды құрады. Тек 2023 жылы сауда-саттық көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 104 есеге өсіп, 217 млн АҚШ долларынан асты, ал клиенттер саны 6,7 есеге өсіп, тұтынушы саны 41 384 жетті. АХҚО краудфандингтік платформалары жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларынан асатын 300-ден астам жобаны қаржыландырды. Биылғы жылы 14,3 млн долларға 150 жоба қаржыландырылды. Жобалар IT, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызметтер, өндіріс және машина жасау сияқты салаларды қамтиды. Мұндай кең қызығушылық краудфандингтің шағын және орта бизнесті қаржыландырудағы рөлін көрсетеді.

2023 жыл ішінде АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АХҚО-да қаржылық қызметтер көрсететін 20 компанияға рұқсат берді. Сондай-ақ, 7 ASP кеңесшісі (көмекші қызметтерді жеткізушілер) тіркелді, мұндай компаниялардың жалпы саны 116-ға жетті.

Ағымдағы жылы Қазақстанның FATF/ЕАG өзара бағалау рәсімінен өтуі бойынша жоба аяқталды. Бұл нәтижеге жетуге АХҚО арнайы юрисдикция ретінде өз оң әсерін тигізді. Есепке сәйкес, АХҚО юрисдикциясы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес деп бағаланды.

АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) дауларды шешу үшін беделді және тиімді алаң ретінде танылды. 2023 жылы АХҚО соты мен ХТО істердің рекордтық санын сәтті шешіп, орындады: 38 сот шешімін, 191 төрелік шешімді және 507 медиативтік реттеуді қамтитын жалпы 736 іс қаралды. АХҚО сотының төрағасы болып Лорд Бернет Мэлдонский, ал ХТО төрағасы болып Томас Крюммель тағайындалды. АХҚО сот отырысы залдары 8 елде ашылды: Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия және Түрікменстанда. Сондай-ақ, жұмыс істеген жылдары 30 елден 566 заңгер істерде тараптардың атынан өкілдік ету үшін АХҚО сотына тіркелді.

АХҚО дамуының басым бағыттарының бірі жасыл қаржыландыру болып табылады. АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) жұмысының арқасында Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде жасыл қаржының жаһандық рейтингінде (GGFI) 1-ші орынды иеленді.

Жыл қорытындысы бойынша еліміздегі «жасыл» облигациялар мен несиелердің 60%-дан астамы ЖҚО қолдауымен берілді.

ЖҚО қолдауымен Қазақстанда «KazWindEnergy» ЖШС компаниясының 3 млрд теңге сомасына субсидияланған жасыл облигациялар шығарылымы алғаш рет орналастырылды. Орналастыру шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде «Даму» қорының бағдарламасы бойынша өтті.

Өзгелердің жаңалығы