Еліміздің бас хирургі Түркістанда шеберлік дәрісін өткізді

17 Мамыр 2019, 15:29
2232
Бөлісу:
Еліміздің бас хирургі Түркістанда шеберлік дәрісін өткізді
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кезде елімізде ішек құрылысы аурулары күрт көбейген. Осыған байланысты Түркістан облысына келген А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Болатбек Баймаханов қалалық емхана дәрігерлеріне екі күндік шеберлікті шыңдау дәрісін өткізді. 

Еліміздің бас хирургінің айтуынша, бұрын соқырішек аурулары бірінші орында тұрса, қазіргі таңда өт жолдарының аурулары өзекті болып тұр. Оған адамдардың майлы және қуырылған тағамдарды көбірек тұтынуы себеп.

«Негізгі мақсатымыз – облыс орталығы Түркістанға көшкеннен кейін облыс деңгейінде көмек көрсететін тиісті емдеу мекемелері болу керек. Оның ішінде хирургия саласы да бар. Келешекте хирургия саласы мен жоғары мамандандырылған көмекті халыққа жақындату үшін осында диагностикалық тәсілдерді, жаңа емдеу тәсілдерін енгізуге келіп жатырмыз. Екі күнге арналған шеберлік сабағында түрлді лекциялар болады, 4 күрделі ота жасалады», - деді Болатбек Баймаханов.

Семинар барысында еліміздің бас хирургі облыстағы әріптестермен біраз саладағы проблемалар бойынша жүздесіп, ақылдасты. Айтуынша, бұл бір күндік акция емес, келешекте үлкен келісімшарт құрып, Түркістан облысының хирургиясын дамытуға үлес қосу. Сондай-ақ, Болатбек Баймаханов семинардың алғашқы күні күрделі отаға қатысты.

«Бүгін болатын операция ұйқы безінің ісігі. Соған байланысты бірден бес мүше алынады: асқазан, ішек, ұйқы безінің 50%-ы, аш ішек, өт жолдары. Бұл өте қиын операциялардың бірі. Соңғы кезде іш құрылысына байланысты, өт қабынуы, тас пайда болуына байланысты оталар көбейді. Бұл операцияларға қаржыны Үкімет бөлетіндіктен, операциялар тегін жасалады», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры.

Түркістан облысында болашақта 610 орындық аурухана салынады деп жоспарланып отыр. Бас хирургтің сөзінше, жаңа операциялар мен инновация енгізу үшін оған жағдай жасалу керек.

«Сіздердің облыс орталықтарыңыз болашақта үлкейеді. Қазақстаннан да, басқа жан-жақтан да мамандар шақырып, жоғары деңгейдегі медицина жасауға мүмкіншілік бар. Келешекте бүкіл күрделі операциялардың бәрі осы Түркістан қаласында жасалады деп ойлаймын», - деді еліміздің бас хирургі.

Өзгелердің жаңалығы