Еліміздің барлаушылары «Жасыл соқпақ» сайысында бағын сынауда

8 Шілде 2021, 10:40
1246
Бөлісу:
Еліміздің барлаушылары «Жасыл соқпақ» сайысында бағын сынауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері арнайы мақсаттағы барлау топтары арасындағы «Жасыл соқпақ» далалық машықтану конкурсында бағын сынауда. 

Жарыс жыл сайын Ресей Федерациясында өткізіледі. Биылғы жылы ол Краснодар өлкесінің Молкино кентінде өтуде.

«Жасыл соқпақ» – ең беделді конкурстың бірі. Оған Балтық теңізінен Тынық мұхитына дейінгі аралықта орналасқан Ресей Федерациясының барлық округі арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің командалары, сондай-ақ ҰҚШҰ елдерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері қатысады.

Сайыс 20-дан астам кезеңді қамтиды. Барлаушылар алыс қашықтыққа жылжу, су кедергісінен өту, арнайы міндетті орындау, жауынгерлік оқ ату және барлау тобын қарсылас тылына шығару кезінде топтардың әрекет етуін пысықтаумен сайысқа түседі. Жарыстың барлық кезеңін орындауға 100 сағат бөлінеді. Міндет тоқтаусыз орындалады. Беріктік пен төзімділікті анықтайтын басты сынақ 10 және 30 километр қашықтықта жүгіру, - делінген хабарламада.
Жарыстың соңғы кезеңінде қатысушылар шартты қарсыластың диверсиялық топтарын торуылдап, олардың шабуылына тойтарыс береді.

Қорытындылау кезінде барлаушылардың әскери топография саласындағы білімі, бүркемелеу, жасырын жылжу шеберлігі, лагерьді ұйымдастыруы, медициналық және инженерлік даярлық дағдылары ескерілетін болады.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, барлаушылар конкурсқа қатыса отырып, әртүрлі өңірде, табиғи және климаттық жағдайларда жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуде тәжірибе жинақтайды. Биылғы жылы 47-ші рет өткізіліп отырған «Жасыл соқпақ» сайысы 2 шілдеден 13 шілдеге дейін жалғасады.

 

 

 



Өзгелердің жаңалығы