Елімізде 10 млн астам әйелдің 4 млн-нан астамы бала туу жасындағы әйел. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде 18 жасқа дейінгі 3 млн астам қыз бала бар. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде аурулардың профилактикасы мен оны ерте анықтауға бағытталған іс-шараларға басымдық берілген. Халықтың арасында мінез-құлық қауіп факторларын және артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және В, С вирустық гепатиттері сияқты кең таралған ауруларды, әйелдердегі обыр ауруларын анықтау мен диагностикалау скринингтері жүргізіледі, - деді Ажар Ғиният.
Министрдің сөзінше, инфекциялық емес аурулар бүкіл әлемде әйелдер өлім-жітімінің негізгі себебі болып отыр. ҚР бойынша аурушаңдық бір жылда 4 пайызға өскен.
Ғинияттың атап өтуінше, елімізде әйелдер көбіне 27 пайыз тыныс алу ағзаларының, 12 пайыз несеп-жыныс жүйесінің, 8 пайыз қанайналым жүйесінің, 6 пайыз сүйек-бұлшықет жүйесінің және ас қорыту ағзаларының ауруына шалдығады.