Еліміздің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары әзірленіп жатыр

26 Маусым 2023, 12:15
1962
Бөлісу:
Еліміздің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары әзірленіп жатыр
Фото: Артём Чурсинов - архив

Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде «Қазақстан – 2050: Пайым» және «2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары» тақырыбында стратегиялық сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік ауқымды жұмысты бастағанын атап өтті. Ішкі және сыртқы сын-қатерлер, экономика, демография, технологияларды дамыту, экология және басқа да бағыттардағы негізгі жаһандық және өңірлік трендтерге, сондай-ақ олардың Қазақстан мен өңірге ықпалына жүйелі талдау жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ дамыған және дамушы елдердің үздік әлемдік тәжірибелері зерттелгені айтылды.

Ведомство басшысы ішкі және сыртқы сын-тегеуріндерге жүргізілген жүйелі талдау Мемлекет басшысына биылғы жылдың 22 маусымында Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте таныстырылғанын және мақұлданғанын, оның нәтижелері 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына негіз болатынын атап өтті.

Іс-шараға сарапшы-экономистер, атап айтқанда Ораз Жандосов, Олжас Құдайбергенов, Мақсат Мұханов және Әнуар Боранбаев қатысты.

Сарапшылар Қазақстан–2050 жаңартылған Стратегиясы және 2029 Ұлттық даму жоспарын айқындауға, Қазақстанның даму басымдықтарына, сондай-ақ жоғарыда аталған құжаттарды әзірлеу тәсілдеріне қатысты өз пікірлерін білдірді.

Сонымен бірге, сессияға қатысушылар «бірінші кезекте адамдар» негізгі қағидатын айқындай отырып, құжаттардың форматын қайта қарау қажеттігіне тоқталды.

«Қазақстан – 2050» Стратегиясын жаңарту және 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу мәселелерін талқылаудың осындай форматы қоғамдық пікір көшбасшылары, сараптамалық қоғамдастық, салалық мемлекеттік органдар, азаматтық және инвесторлық қоғамдастық және халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүйелі негізде жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы