Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жайында аталған телеарнаның директоры Қанат Ержігітов бүгін журналистермен кездесу барысында аталған телеарнаны ашу көптен көңілде жүргенін, осыдан 2,5 жыл бұрын «Жұлдыз» арнасын ашқанын, енді соның жанынан «Домбыра» телеарнасы ашылып отырғанын айтты.
Директордың айтуынша, алғаш «Жұлдыз» телеарнасын ашқанда халық тарапынан «сіздер қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін берсеңіздер» деген өтініштер келіп түскен. Кейін зерттей келе расыменде дәстүрлі музыка бойынша телеарна жоқ екеніне көз жеткізіпті.
«Қазір бұл салада тың дүниелер өте аз, сондықтан екі ай болды Алматы мен Астана қалаларында түсірілімдерді бастап кеттік. Телеарна қазір ID tv кабелдік жүйесінде тестілі режимде тұр. Жұма немесе дүйсенбі күні толықтай қосылады. Негізгі мақсатымыз әр қазақ дәстүрлі өнерді кез-келген уақытта теледидарды қосып көре алатындай жағдайға жеткізу. Телеарнада тек домбыра жайлы емес, жалпы ұлттық музыка аспаптары жайлы хабар тарайды», - деді Қанат Ержігітов.
Телеарна жүз пайыз қазақ тілінде 24 сағат бойы қазақ өнері жайлы хабар таратады.
«Бұл қуанышты үлкен шара. Қазір даңғаза музыканың жаулап бара жатқаны жаныңды ауыртады. Эстрада жеңіл жанр екені белгілі, алайда оның барлығын жоққа шығарғымыз келмейді. Әр қазақтың үйінде күмбірлеген домбыраның үні естіліп жатса ол балаға сіңе берер еді. Қолға алынып отырған бұл шаруаның өзі «Рухани жаңғыруға» тән деп ойлаймын», - дейді Қазақстанға еңбегі сіңген артист Секен Тұрысбеков.