Қазақстаннан Өзбекстанға жалпы құны 90 млн теңге болатын 280 тонна АИ-95 маркалы бензин заңсыз экспортталмақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Павлодар облысы бойынша АФМ департаментінің қызметкерлері АИ-95 маркалы отандық бензинді Өзбекстанға заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті. Жалпы құны 90 миллион теңгеге жуық 280 тонна жанармай құйылған бес вагон-цистерна табылды.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, теміржол цистерналарынан алынған сынамалар К-4 экологиялық класындағы АИ-95 бензині болып шықты. Келісім шарты бойынша жалпы 45 миллион долларға шетелдік компанияның пайдасына елден 50 мың тонна бензин экспорттау жоспарланған. Тергеу жалғасып жатыр.