Еліміздегі университеттерге шамамен 2,5 мың ресейлік студент ауысқан – министр

23 Қыркүйек 2022, 16:43
1032
Бөлісу:
Еліміздегі университеттерге шамамен 2,5 мың ресейлік студент ауысқан – министр

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ресейлік студенттерді қабылдау-қабылдамауға қатысты шешімді кім шығаратынын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

2022 жылғы мамырдан бастап Ресейден шамамен 2,5 мың студент еліміздің университеттеріне ауысты. Украинадағы жоғары оқу орындарынан ауысқандар саны – 34 студент. Бұл сан өседі деген нақты болжам жоқ. Себебі, оқуға қабылдау аяқталды. Басқа елдің азаматтарына қазақстандық университеттерге түсуге шектеу қоя алмаймыз. Бұл мәселе заң аясында қарастырылады, - деді министр орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек ресейлік студенттерді Қазақстандағы университеттерге қабылдау туралы шешімді жоғары оқу орындары өздері қабылдайтынын айтты.

Бұл шешімді жоғары оқу орындары қабылдайды. Біз университеттердің мүмкіндігін қатаң бақылауға алып, олармен үнемі байланыста боламыз. Кімнің және қашан ауысқанын білеміз. Егер өсім болса, бәріміз бірігіп, шешім қабылдаймыз. Қазір олар ағылып келіп жатқан жоқ, - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша,  қазақстандық студенттердің де Ресейде жоғары білім алуына еш кедергі жоқ

Біз студенттерге шектеу қоя алмаймыз. Ресейде оқуын жалғастыруға ешқандай шектеу жоқ. Бүгінде бірнеше мың қазақстандық Ресей Федерациясында оқып жатыр, - деді Саясат Нұрбек.

Өзгелердің жаңалығы