Еліміздегі туристік нысандардың жұмыс алгоритмі әзірленді

1 Маусым 2020, 20:59
1611
Бөлісу:
Еліміздегі туристік нысандардың жұмыс алгоритмі әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 маусым күні Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста министрліктер, "Атамекен" ҰКП және өңірлер әкімдіктерінің басшылығының қатысуымен Қазақстанда туризм маусымын жандандыру мәселелері қаралды.

Отырыста Төтенше жағдай кезінде Үкімет тарапынан бұл салаға мүлік салығынан және еңбекақы төлеу қорынан салық төлеу мен басқа да төлемдерден босату тұрғысынан мемлекеттік қолдау көрсетілгені аталып өтті.

 Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде туристік салаға қосымша қолдау көрсету шаралары қаралып жатыр:

  • туристік объектілерді жаңадан салу, реконструкциялау және жабдықтау кезінде инвестиция сомасының 10%-ын өтеу және преференция беру;

  • әр шетелдік турист үшін туроператордың шығындарын субсидиялау;

  • әуе компанияларына ішкі әуе бағыттары бойынша балалардың жол ақысын 100% өтеу;

  • кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы нысандарды салу және қызмет көрсету бойынша шығындарының 25%-ын өтеу;

  • туроператорлар мен турагенттіктердің туристік көлік құралдарын сатып алу шығындарының 25%-ын өтеу.

2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 44 туристік жобаға инфрақұрылым жүргізу мақсатына республикалық бюджеттен 51,5 млрд тг қаражат бөлінді. Бұл — аталған саланы қолдаудың рекордтық көрсеткіші деуге болады.

Кеңесте Қазақстанда туризм маусымын бастауға толық дайындық жасалғаны хабарланды: туристік нысандардың жұмыс алгоритмі әзірленді, жолаушыларды тасымалдаудың авиа, теміржол және автобус маршруттары іске қосылған.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов өңірлердің әкімдіктеріне туристік объектілердің дайындығы туралы актілерді беру жұмысын жеделдетуді, жаңа туристік бағдарлар мен толыққанды ақпараттар жиынтығын жасауды, сондай-ақ аталған салаға инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы