Еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге талпыныс бар – Ерлан Саиров

6 Қыркүйек 2019, 15:05
1923
Бөлісу:
Еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге талпыныс бар – Ерлан Саиров
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров бүгін өткен алғашқы отырысқа қатысты пікірімен бөлісті.

«Мемлекет басшысы «Еліміздегі саяси-әлеуметтік дамусыз экономикалық өрлеу мүмкін емес» деген позициясын қайталап айтты. Кеңес мүшелерінің біздің еліміздегі саяси реформалары жөніндегі өздерінің ұстанымдарымен, айтқан ойларымен келісті. Қазақстандағы саяси жүйеге либерализация жасауға, белгілі бір қоғамдық эволюция жүргізуге алғышарт бар деген ойдамын. Сонымен қатар, еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге талпыныс бар. Нақты ұсыныстарымызды президент әкімшілігіне беретін боламыз. Әрбір жүйе дамуы үшін эволюциялық жол керек. Эволюция – мемлекет дамуының ең негізгі күретамыры. Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси процестерін эволюциялық үлгіде сапалы деңгейге өткізу міндеті тұр. Ең негізгісі – барлық шаруа халықпен бірлесіп, ақылдасып шешілуі тиіс», - деді Ерлан Саиров.

Айта кетейік, ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ҚР президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар жасау. Ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

Кеңес төрағасы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Төраға орынбасары – президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев, хатшысы – президент кеңесшісі Ерлан Қарин.
Өзгелердің жаңалығы