Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкіметте өткен брифингте қызметтердің онлайн форматқа жаппай көшуіне байланысты ХҚКО қызметкерлерін қысқарту ықтималдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, уақыт өте келе мұндай жағдайдың болуы мүмкін.
Біз ХҚКО қызметкерлерін қысқартамыз деп айтқан жоқпыз. Жеке өзім мұндай сөзді ешқашан айтқан емеспін. Бірақ бәріміз түсінеміз, егер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін адамдар саны азайса, ерте ме, кеш пе, соған (қысқартуға - ред.) келеміз. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында әр фронт-офистегі қажетті қызметкерлер санын келушілер санына қарай есептейтін әдістеме бар. Сол әдістеме негізінде біз үнемі бағалау жүргізіп отырамыз, – деді Ростислав Коняшкин.
Ол әзірге қысқарту болмағанын атап өтті.
Кейбір бос жұмыс орындары ғана қысқартылды. Яғни біз бұл мәселені нақты жағдайға қарай қарастырамыз. Бұл – басты мақсат емес. Біздің негізгі мақсат – қызметтерді цифрландыру, оларды азаматтарға барынша ыңғайлы ету, адамдар ХҚКО-ға бармай-ақ қызмет ала алатындай жағдай жасау. Қалғанының бәрі – соның салдары, – деп түсіндірді вице-министр.