Еліміздегі ерлі-зайыптылардың 15%-ы бедеулікке шалдыққан - дәрігер

11 Қараша 2022, 11:37
1015
Бөлісу:
Еліміздегі ерлі-зайыптылардың 15%-ы бедеулікке шалдыққан - дәрігер
Фото: автордан

Бұл туралы биолог, дәрігер Салтанат Байқошқарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, қазіргі таңда республикамызда ғана емес, бүкіл әлемде ұрпақ сүйе алмау мәселесі өзекті. Әрі бұл көрсеткіш өздігінен азаймай тұр.

Қазір бізде генетикалық диагностика дамып келеді. ЭКҰ-ға бармай-ақ, үйленер алдында жастар үйленердің алдында қан тапсырып, өзінің генетикалық ауруларға бейімділігі бар ма, соны анықтауына болады. Бұл дені сау баланы дүниеге әкелуге кепіл болады. ЕКҰ-ны бедеулік кезінде ғана жасаймыз. Дамыған мемлекеттерде жұптар өздерінің қандай ауруға бейімділігін біліп алып, емделіп барып сәби жоспарлайды. Бедеулік проблемасы Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде бар,  - деп атап өтті дәрігер елордада өтіп жатқан "Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары" атты қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының XIV халықаралық конгресінен соң берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол бала сүйе алмайтындар саны жылдан-жылға артып келе жатқанын алға тартты.

Дүние жүзі бойынша ер адамның да, әйел адамның да ұрығының сапасы төмендеп келеді. Адам өзінің қолынан келетін мүмкіндіктерді қолдануы керек. Диагностиканың заманауи әдістерінің дамуы бедеуліктің нақты себептерін анықтап, оны емдеуге жол ашады. Жастау кезде ұрпақты болуға тырысу қажет. Ертеңгі күні ЕКҰ-ға жүгінбей, табиғи түрде ұрпақты болған абзалырақ, - деді Салтанат Байқошқарова.

Белгілі болғандай, бедеуліктің 40 пайыздай жағдайы ерлердің репродуктивті жүйесінің жұмысына байланысты. Ал аралас бедеулік көрсеткіші 30 пайызға тең.

Өзгелердің жаңалығы