Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалу барысы туралы баяндаған министр оның қанша нысанды қамтитынына тоқталды.
Кешенді жоспар мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 нысанды қамтиды. Оған: республикалық меншіктегі 7 нысан, коммуналдық меншіктегі 250 нысан, ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 нысаны, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 нысаны кіреді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, биыл кешенді жоспардың 295 нысаны сатуға шығарылуы тиіс болатын.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың ішінен: сомасы 86,1 млрд теңге болатын 36 нысан бәсекелес ортаға берілді. 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 146 нысан сауда-саттықта тұр. Кешенді жоспар объектілерінің 80%-ға жуығын сауда-саттыққа шығаруды қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін тағы 81 нысанды сатуға шығару қажет болады. Олардың нәтижелері бойынша мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жаңадан енгізілген 13 нысан бойынша жол карталары енгізілді, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі кешенді жоспар нысандарының 80%-ын сатуға шығарған. Дегенмен, 7 өңір мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген.