Еліміздегі жалғыз әйел министр аруларды 8 наурызбен құттықтады

7 Наурыз 2020, 16:29
2934
Бөлісу:
Еліміздегі жалғыз әйел министр аруларды 8 наурызбен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қыз-келіншектерді 8 наурыз - әйелдердің Халықаралық мерекесімен құттықтады.

Әлемде ананы ұлықтамайтын халық жоқ. Жер аяғы босап, әлем қайта жаңғырған, көктеммен қауыштыра келетін 8 наурыз — нәзіктік пен әсемдік атаулыны бойына жинаған ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, аяулы қыздардың құшақтарын гүлге, көңілдерін қуаныш нұрына бөлейтін ғажайып мереке - деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сонымен қатар ол, әйелдер қауымының ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, рухани өміріне белсене атсалысып, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті елдер қатарында дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздердің мәдениет, руханият, спорт саласындағы, сондай-ақ, білім мен ғылымды дамытудағы жетістіктеріңіз — ұлт мақтанышы. Сіздерді шуақты көктем мейрамы — 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау ерекше сәтті пайдалана отырып, Сіздерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қызметте толайым табыс, баянды бақыт, отбасыларыңызға құт-береке, ауызбіршілік пен ортаймас несібе-дәулет тілеймін! - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өзгелердің жаңалығы