Еліміздегі алғашқы ядролық медициналық орталық полигон зардабын шеккендерге көмек көрсетеді

28 Тамыз 2021, 18:33
4914
Бөлісу:
Еліміздегі алғашқы ядролық медициналық орталық полигон зардабын шеккендерге көмек көрсетеді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы алғашқы ядролық медициналық орталық бүгінде Семей қаласында жұмыс істеп отыр. Аталған медициналық мекеме қымбат жабдықтары бар бірегей орталық болып табылады.

Еліміздегі алғашқы ядролық медициналық орталық полигон зардабын шеккендерге көмек көрсетеді

Ядролық медицина және онкология орталығын ашу идеясы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Ал таңдаудың Семей шаһарына түсуі тегін емес. Себебі 40 жыл бойы сыналған атом бомбасының зардабын Абай өлкесі әлі сезініп келеді. Облыс халқының денсаулығына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін аталған орталық салынды.

Еліміздегі алғашқы ядролық медициналық орталық полигон зардабын шеккендерге көмек көрсетеді

Ал арнайы жабдықта онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық спектр ауруларын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда бір данасы ғана бар бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томограф (БФЭКТ) осы орталықта орналасқан. Компьютерлік томографиямен біріктірілген бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томограф (БФЭКТ/КТ), сондай-ақ қалқанша без патологиясын диагностикалауға арналған кіші гамма-камераның біреуі осында болса, қалған екі-үш данасы Нұр-Сұлтан мен Алматының жетекші медициналық орталықтарында бар.

Орталық директоры Марат Сандыбаевтың айтуынша, бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томограф КТ және МРТ зерттеулерінде іс жүзінде мүмкін емес органдардың қызметін зерттеуге мүмкіндік береді. Қысқа уақытта адамның қаңқасын, бүйрегін, бауырын, қалқанша безін, асқазан-ішек жолдарын, паратироидты бездерді және басқа да ішкі мүшелерді тексеруге болады екен. Бір ауысымда 10 пациентті қабылдауға болады. Ал аптасына 100-120 пациентті емдей аламыз деп отыр.

Онкологиялық орталықта онкохирург болып жұмыс істеймін. Өңірдегі ғана емес, еліміздегі жетекші орталықта халыққа қызмет етуден тынбаймыз, - дейді дәрігер онкохирург Ғабиден Пазылжанұлы.

Сондай-ақ орталық басшысы қызметкерлерін әлемнің түрлі елдерінде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтуге жіберіп отыратындарын алға тартты.

Еліміздегі алғашқы ядролық медициналық орталық полигон зардабын шеккендерге көмек көрсетеді

Ядролық медицина және онкология орталығы ел тұрғындарын онкологиялық аурулардан диагностикалау және емдеу үшін білікті қызметкерлер, жаңа жабдықтар, радиофармпрепараттар өндірісі желісін бір жерге топтастырған. Медицина мекемесі ел халқының жоғары білікті радиологиялық көмекке қажеттілігін қанағаттандыруға және заманауи медицинаның жаңа деңгейіне қол жеткізуді мақсат тұтқан.

Семей қаласында орналасқан медициналық мекемеде еліміздің тарихында алғаш рет йод-131 изотопын пайдалана отырып, радиойодтерапия әдісінің көмегімен қалқанша безі обырын емдеу қолға алынады. Оны Алматы ядролық физика институтында Семейдегі орталық үшін арнайы шығаратын болады.

Тағы бір атап өтетін жайт, қыркүйек айында ядролық орталықты іске қосудың үшінші және соңғы кезеңі іске қосылады деп жоспарланыпты. Яғни циклотронды және екі позитронды-эмиссиялық томограф (ПЭТ) көмегімен ем-дом жүргізіледі.

Бір ескеретін жайт, радиофармтерапия мен радиофармдиагностика тек шығыс өңірі үшін ғана емес, республиканың барлық азаматына қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы