Елімізде «Зымыран-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды

28 Қазан 2021, 11:54
1659
Бөлісу:
Елімізде «Зымыран-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқу-жаттығуды үйлестіру және басшылық ету жөніндегі штаб Жезқазған қаласында орналасқан. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

28 қазанда елімізде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран-тасығыштардың авариясымен байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының күштері мен құралдарының іс-қимылға дайындығы» тақырыбында «Зымыран-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Оқу-жаттығуды үйлестіру және басшылық ету жөніндегі штаб Жезқазған қаласында орналасқан. Оқу-жаттығудың басшысы - Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы полковник Марат Күлдіков.

Оқу-жаттығу азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару органдарын әзірлікке келтіру туралы дабылды жеткізуден басталды. Азаматтық қорғау қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар әрбір өңір үшін жеке айқындалған тиісті кіріспе бойынша іс-шараларды пысықтады.

Оқу-жаттығу шеңберінде зымыран бөліктерінің авариялық құлау салдарын жою, халықты жақын елді мекендерден эвакуациялау, ауыл шаруашылығы және үй жануарларын диспансерлеу, гептилді детоксикациялау, бүлінген жер учаскелерін рекультивациялау бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды өткізу мәселелері пысықталды.

Командалық-штабтық оқу-жаттығу Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Нұр-сұлтан қаласының аумағында өтуде. Оған барлық деңгейдегі азаматтық қорғау қызметтері, ҚР ТЖМ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, «РосКосмос» МК тартылған.

Оқу-жаттығу «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезінде авариялар туындаған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуын жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштері мен құралдарын даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі туралы келісімге сәйкес жүргізіледі.



Өзгелердің жаңалығы