Жыл сайын 35 мыңнан аса адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады

4 Ақпан 2020, 15:06
1704
Бөлісу:
Жыл сайын 35 мыңнан аса адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  2019 жылы Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 36 345 адам тіркелген, яғни 100 мың халыққа шаққанда 196,4 жағдайды құрайды. Бұл туралы еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткен брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, диспансерлік онкологиялық есепте 180 мыңнан астам адам тұр және биыл елімізде жатыр мойны рагымен ауыратындар саны артқан.
Тек биыл ғана 1800-ден аса әйел осындай диагнозбен тіркелді. Ел тұрғындарының 70% скринингпен қамтылу керек, өткен жылы біз 60 пайызын ғана қамти алдық. Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігі осы бағытты қаржыландырып, күш салып жатыр. Биыл 954 мың әйел жатыр мойны скринингінен өткен, соның арқасында көптеген адамның ауруын алғашқы кезеңнен анықтай білдік. Яғни алғышқы кезеңнен анықтау 65% құрады, өткен жылы ол 52 пайыз мөлшерінде болған. Бұл ауруды алғашқы кезеңінен анықтай білсек оны түбегейлі емдеуге болады, - дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 
ЛАБИК1.jpeg

Дегенмен аурудың бұл түрінен өлім жоғары деңгейде қалып отыр екен. 2019 жылы жатыр мойны рагынан 600-дей әйел көз жұмған.
Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі сүт безі обыры, өкпе обыры, колоректалды обыр, жатыр мойны обыры және асқазан обыры. Аурудың бұл түрін ерте кезден анықтасақ оны емдеуге болады. Сол үшін тұрғындар әрдайым тексерістен өтіп, арнайы скринингтерден өтіп тұрғаны жөн. Елімізде қазір тегін онкоскринингтердің үш түрі бар. 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына, 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге арналған колоректалды обырға, сондай-ақ 30-70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скриниг қарастырылған. Бұл скринингтің барлығы емханаларда тегін жүргізіледі, - дейді бас онколог. 

Оның айтуынша, онкологиялық аурулар көрсеткіші әсіресе Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында жоғары.
Диляра Қайдарова қатерлі аурулардың алдын алу үшін қызыл еттен бастартып, балық, тауық еті және көкөністерді көптеп тұтыну қажеттігін айтады.
Қазір айналамыздағы экологияның жағдайы да мәз емес, сондықтан адам өз денсаулығына айтарлықтай мән беріп, шылым және басқа да денсаулыққа зиянды нәрселерден аулақ жүргені абзал. Көбірек қимылдап, салауатты өмір салтын ұстанған жөн, - дейді ол.



Өзгелердің жаңалығы