Елімізде жолшы мамандарын көшпелі оқыту курстарының танымалдылығы артып келеді

28 Ақпан 2023, 18:46
774
Бөлісу:
Елімізде  жолшы мамандарын көшпелі оқыту курстарының танымалдылығы артып келеді
PHOTO
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

Мердігер ұйымның тапсырысымен Атырау қаласында жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша кезекті курстар өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Негізгі қызметі автомобиль жолдарын жобалау, олардың құрылысы және жөндеумен байланысты ұйымдар биыл қосымша кәсіптік білім беруге және өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жоғары қызығушылық танытып отыр.

Бұл негізінен кадр тапшылығы мәселесінің сақталуына және Мемлекет басшысының жолдардың сапасын арттыру туралы тапсырмасынан кейін енгізілген құрылыс тәсілдерінің өзгеруіне байланысты болып отыр. Жалпы жұмыс пен материалдардың сапасын бақылау курстары үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар инновацияға деген қызығушылықтың артуы да маңызды рөл атқарады. Өйткені бүгінгі таңда жолшы мамандары соңғы жаңалықтардан хабардар болғылары келеді.

Елімізде  жолшы мамандарын көшпелі оқыту курстарының танымалдылығы артып келеді

Осы ретте бейінді білім беру мекемелері оқу курстарынан өтуге ниет білдірушілер санының жыл басынан бері күрт өскенін байқап отыр. Мәселен, қаңтар айында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының оқу орталығында біліктілігін арттыруға 105 жолшы ниет білдірген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3 есе көп. Яғни, 2022 жылдың I тоқсанында оқыту курстарына тек 28 адам тіркелген болатын.

Жол құрылысшылары біліктілікті арттыру курстарының қажеттілігін мойындап отыр. Бүгінде салалық білімге деген сұраныс артты. Егер бұрын-соңды біздің курстар тек 7 тақырыпты ғана қамтыса, қазіргі таңда олардың саны 22-ге дейін көбейе түсті. Онлайн сабақтармен қатар көшпелі оқыту курстары да бар, - деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Оқу орталығының директоры Гүлжамал Омарова.

Қазіргі уақытта институт мамандары Атырау қаласында оқу курстарын жүргізіп жатыр. Оқуға жергілікті жердегі жол ұйымының 100-ге жуық қызметкері жазылған. Оқыту бағдарламасы «Тас материалдарының сапасын бақылау», «Учаске шебері курстары», «Учаске жетекшісі курстары», «Өндірістік-техникалық бөлімінің инженері курстары», «ABC-4 бағдарламасында смета құрастыру» және басқа да тақырыптарды қамтиды.

Елімізде  жолшы мамандарын көшпелі оқыту курстарының танымалдылығы артып келеді

Көшпелі курстар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ниет білдерген тарап үшін ыңғайлы. Яғни, Астана қаласына 90 адамды жібергеннен гөрі, бірнеше оқытушыны шақыру әлдеқайда тиімдірек, әсіресе компанияның өз зертханасы болса,- деді Г.Омарова.

Жоғарыда айтылғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтынан оқу орталығының жұмысын күшейтуді, сондай-ақ мердігерлерді жол құрылысында жұмыс істейтін мамандарын қосымша оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға ынталандыратын заңнамаға түзетулер әзірлеуді талап етті.

Өзгелердің жаңалығы