Аталған паспортта Қазақстандағы жолдардың климаттық жағдайы туралы деректер онлайн режимде сақталатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол құрылысын жобалау кезінде жергілікті жердегі климаттың назарға алынбауы орын алатын деформацияның негізгі себептерінің бірі. Сарапшылар жол төсемдерінде түрлі ақаулардың пайда болуын автомобиль жолының нақты учаскесіндегі су-жылу режимі туралы толыққанды ақпараттың болмауымен түсіндіреді.
Сондықтан Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары еліміздегі жол төсемінің су-жылу режиміне мониторинг жүргізеді. Осылайша институт мамандары республика аумағы бойынша 28 климаттық өлшеу станциясын орнатты.
Мысалы, 2021-2022 жж. қыста ең төменгі -31.0 C температурада жолдардың қату тереңдігі 2.25 м болды. 2022-2023 жж. қыста температура -35.5 C болып, қату тереңдігі 2.52 м құрады. Сәйкесінше айырмашылық 27 см. Егер құрылыс кезінде өткен жылдың деректеріне сүйенетін болсақ, онда батпақты топырақ қалыңдығының 27 см-ге артуы ақаулардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Осыдан жолдың деформациясы пайда болады, - деді жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Қобланбек Айтбаев.
Айтпақшы, әр станция интернет арқылы сағат сайын жол учаскесінің температурасы мен ылғалдылығы туралы мәлімет беріп отырады.
Әрбір өлшеу станциясында 18 датчик бар: жол құрылымындағы 10 температура датчигі, топырақ негізіндегі 6 ылғалдылық датчигі және температура мен ауа ылғалдылығы датчигі. Бұл сағат сайын 504 бірлік ақпарат келіп түседі дегенге саяды, - деп атап өтті Айтбаев.
Сондай-ақ ҚазжолҒЗИ мамандары датчиктерден келіп түсетін ақпаратты сақтайтын өлшеу станциясының паспортын жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл жұмыс білікті кадрларды қажет етеді.
Біз бағдарламалауға дағдылануымыз керек. Әртүрлі климаттық карталарды құруға мүмкіндік беретін SURFER ортасында жұмыс істей білуіміз қажет. Қазіргі уақытта біздің зерттеу тобымыз деректерді жинаумен ғана шектеліп, оларды талдау бойынша жұмысты кейінге шегеріп отыр, - дейді Айтбаев.
Паспортта әр өлшеу станциясының сәйкестендіру белгілері болатынын айта кеткен орынды. Мәселен, мекен-жайы немесе географиялық координаттары, автожол учаскесінің жол құрылысы, мұздату тереңдігі мен ауа температурасының өзгеруі және тағы басқалар.
Сонымен қатар институттың мамандары қосымша 15 өлшеу станциясын орнатуды жоспарлап отыр. Болашақта аталған паспорттың орнына диалог режимінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік беретін электрондық альбом жасау жоспарда бар.