Елімізде жезөкшелікке арналған 20-дан астам притон анықталды

12 Қыркүйек 2022, 11:28
1388
Бөлісу:
Елімізде жезөкшелікке арналған 20-дан астам притон анықталды

«STOP трафик» операциясының кезекті кезеңінде жезөкшелікке арналған 20-дан астам притон анықтады, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі. 

ІІМ қыркүйек айында кезекті кең ауқымды «STOP трафик» операциясын өткізіп, полиция қызметкерлері адам саудасына байланысты 20-дан астам қылмысты анықтады.Оның ішінде: 1 факті – еңбекке пайдалану мақсатында адамды ұрлау, 3 факті - адам саудасы; 4 факті - жезөкшелікпен айналысуға тарту (екеуі кәмелетке толмағандарға қатысты), 5 факті - кәмелетке толмағандарды сату. Жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа арналған притондарды ұйымдастырудың немесе ұстаудың 28 фактісі  анықталды, - деді ІІМ қызметкері Шұғыла Тұрлыбек.

Ол атағандай, жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа әдейі үй-жайлар бергені үшін 20 әкімшілік құқық бұзушылық және интимдік қызметтер мен қайыр сұрауға байланысты 294 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.

Шымкент қаласының полиция қызметкерлері құрамында 11 адам бар ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Олар ұзақ уақыт бойы Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының аумағында жыныстық пайдалану мақсатында адам сатумен, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқан.Жас қыздарды Қазақстанның түрлі қалаларынан «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы жұмысқа қабылдағандығы, онда жақсы еңбек жағдайларымен жоғары ақы төленетін жұмыс ұсынғандары анықталды. Кейін алдап, құжаттарды алып қойып, жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Табысты өздері иеленген, - деді ол. 

Оның айтуынша, қарсылық көрсеткен жағдайда ұрып-соғып, ойдан шығарылған айыппұлдар салып, есірткіні (мефедрон) қолдануға мәжбүрлеген.

Аталған факт бойынша ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу, адам саудасы, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, притон құру, жеңгетайлық баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы